2025 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті Қарағанды облысы бойынша аккредиттеу орталықтары өкілдерінің қатысуымен медициналық ұйымдар үшін семинар-кеңес өткізді.
Іс-шара өңірдегі аккредиттелген медициналық ұйымдардың үлесін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Кеңеске облыстың денсаулық сақтау басқармасының, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының Қарағанды филиалының, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры филиалының өкілдері, сондай-ақ медициналық ұйымдардың басшылары мен мамандары қатысты.
Кездесу барысында аккредиттеудің маңыздылығына, ұйымдар үшін артықшылықтарға, өңірдегі ағымдағы жағдайға және аккредиттеуден өтуге уәждемені арттыруға бағытталған шараларға қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Аккредиттеу, статистика және аккредиттеу ұйымдарының қызметі саласындағы ағымдағы ахуал туралы "Денсаулық сақтаудағы сапа және аккредиттеу институты" ҚБ төрағасы Фархат Газезов баяндама жасады.
ШЖҚ "Салидат Қайырбекова атындағы ҰДСДҒО" РМК денсаулық сақтаудағы аккредиттеу департаменті басқармасының бастығы Мейірханов Ақтанберді медициналық ұйымдарды ұлттық аккредиттеуден өтуге материалдық және материалдық емес ынталандыру мәселелерін атап өтті.
Облыстық клиникалық аурухана басшысының орынбасары Карлыгаш Садвакасовна сыртқы бағалаудан өту және аккредиттеу стандарттарын сақтау тәжірибесімен бөлісті.
2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қарағанды облысында 35 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті, оның ішінде 19 — мемлекеттік, 16 — жекеменшік. Бірінші санат 21 ұйымға, екінші санат 5 ұйымға, жоғары санат 9 ұйымға берілді.
Аккредиттеу - бұл медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін растау, сонымен қатар қоғамның тұрақты кәсіби өсуі мен сеніміне маңызды қадам.
Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің басым міндеттерінің бірі болып қала береді.