
Көрісу – қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани құндылықтарының бірі. Ескі жыл санауы бойынша наурыздың 14-інде көктем басталады деп есептелген. Сондықтан бұл күні адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық сұрасып, жаңа жылдың басталуын бірге қарсы алады.
Бұл күні адамдар туыстарын, көршілерін аралап, үлкендерге сәлем береді. Жастар үлкендердің батасын алып, ізгі тілектер айтады. Адамдар бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деп ақжарма тілектерін білдіреді.
Бүгінде Көрісу күні тек батыс өңірлерде ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтарында да кеңінен тойланып келеді. Бұл мереке адамдар арасындағы достықты, татулықты және бірлікті нығайтады. Көрісудің негізгі мәні – адамдардың бір-біріне құрмет көрсетіп, сыйластық пен бауырмалдықты арттыруында. Ол үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты ұлттық тәрбиенің маңызды үлгісі болып табылады.