Тәуелсіздікке 30 жыл!

Тәуелсіздікке 30 жыл!

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне - 30 жыл!

Биыл біз,  - «Қазақстан Республикасы» - деп аталатын егемен мемлекеттің құрылуының Тәуелсіздік күнінің 30 жылдығын , ұлттық басты мерекесін  атап өтеміз! Тәуелсіздік - кез келген мемлекеттің басты байлығы.

Әр түрлі халықтар революциялар, соғыстар, ұлт-азаттық соғыстар арқылы тәуелсіздікке әртүрлі жолдармен қол жеткізеді. Қазақстан үшін 1986 Жылғы Желтоқсан оқиғалары халықтың егемендікке, өзін-өзі билеуге ұмтылысының бастамасы болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Тəуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған тəуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Егемендік – əр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт. Тəуелсіздік шежіресі Тұңғыш Президентіміз – Елбасының тарихи тұлғасымен тығыз байланысты».

Әлемдегі кез келген ел сияқты Қазақстан үшін де тәуелсіздік мемлекеттіліктің берік тірегіне айналды және егемендіктің  негізін құрады.

1991 жылғы 16 желтоқсан – ел тарихының елеулі күні. Дәл осы күні ҚР Жоғарғы кеңесінің №1008-XII қаулысымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған еді. Атаулы күн бүгінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні ретінде мемлекеттік мерекеге айналған.

Қазақстанның мемлекеттік егемендігі 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Казақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдаған сәтінен бастау алады. Президенттік билікті енгізу арқылы Кеңес одағының құрамында болған Қазақстан егемендікке нық қадам басты.

Дәл осы уақытта Жоғарғы кеңес Қазақ КСР коммунистік партиясы орталық комитетінің алғашқы хатшысы болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақ КСР Президентінің лауазымына тағайындайды.

Мемлекет басшысы ретінде Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы шешімі «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияны жүйелеумен байланысты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Декларация жобасын қарастыру ісіне белсенді қатысады. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін бекітудің бастамасы болған құжат кеңес кеңістігінде етек алған экономикалық, саяси дағдарыстың тұсында әзірленді. КСРО Жоғарғы кеңесінің басшылығы «Мемлекеттік егемендік туралы» Қазақстан декларациясын қабылдауды көпке дейін созғаны белгілі. Сондықтан саяси-құқықтық құжатты дайындау ұлт ар-ожданы үшін маңызды іс болды.

 

1990 жылғы 25 қазанда Қаз КСР Жоғарғы кеңесінің ХІІ шақырылымында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданып, тәуелсіз дамуға Қазақстанның алғашқы қадамы басылды.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларация мен 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң Қазақстанның мемлекеттік егемендігін рәсімдеуге мұрындық болып, тәуелсіз елдің конституциялық-құқықтық негізін қалады.

Отыз жылда жазылған халқымыздың тың тарихы, ел егемендігі мен тәуелсіздігінің шежіресі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Ел тәуелсіздігі тар, тайғақ жолмен келді. Елбасының өзі атап өткендей, «осы жылдар ішінде Қазақстан талай қиындықты артқа тастады, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін басқа мемлекеттер едәуір көп уақыт құртқан еді».

Тарихи қысқа мерзім ішінде халқымыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қызметтің барлық саласында – жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, құқықтық және демократиялық мемлекетті қалыптастыру, әлеуметтік мемлекет құруға қарай қозғалыс, мемлекеттік егемендікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту сықылды орасан зор табыстарға қол жеткізді.

Қазақстанның нарықтық экономикасы бар тәуелсіз мемлекет ретінде өмір салтының, ойлау мен іс-әрекеттің түбегейлі өзгеруі есебінен қалыптасты. Елбасының саясаты «алдымен экономика, содан кейін саясат» іргелі қағидаты бойынша елді дамытуға бағытталды.

Тәуелсіздіктің үш онжылдығы Қазақстан үшін экономикалық прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ең табысты және ауқымды нарықтық реформаларды іске асырған көшбасшы ел ретінде танылып жатыр. Еуропалық Одақ пен АҚШ Қазақстанды посткеңестік дәуірден шыққан нарықтық экономикасы орныққан бірінші мемлекет деп мойындады.

Қазақстан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бейім ТМД көшбасшыларының бірі екені ешкімге жасырын емес. Экономикалық дамудағы жетістіктер республика халқының әл-ауқатының өсуіне ықпал етті. 1991 жылдан бастап Қазақстан азаматтарының орташа жалақысы 17 есе, ал зейнетақы мөлшері 10 есе өсті. 1991 жылдан бастап Қазақстан халқы 2020 жылдың соңына қарай 16 793 000 адамнан 18 953 799 адамға дейін өсті. Қазақстанда бала туу деңгейі 60%-ға артты. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 64 жастан 72 жасқа дейін ұлғайды.

Миллион тұрғыны бар қалалар мәртебесін үш қала – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент алды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 1500 мектеп және 2700-ден астам балабақша мен жүздеген колледж салынды.

Мемлекет басшысының Ұлттық мәселедегі дәйекті саясаты елдің экономикалық жетістіктері мен халықтардың тең құқықтылығы қағидаттарын бекітті. Біртұтас ұлт – Қазақстан халқының құрылысы басталды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қазақстан халықтары Ассамблеясын (ҚХА) құру идеясын ұсынды. Республикада ұлты мен діни сеніміне қарамастан, елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер жасалды. Әлеуметтік бейбітшілік сақталып, этносаралық және конфессияаралық келісім дамыды.

Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігі бүкіл әлемде мойындалды. Ассамблея Қазақстанның халықаралық брендіне айналып, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстырушы буын рөлін атқарып жүр.

Ассамблеяның қызметі және 2003 жылдан бері Нұр-Сұлтанда тұрақты өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері Қазақстан Республикасының ұлтаралық қатынастар проблемаларын тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін өсіреді. БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанға сапары кезінде ҚХА-ны әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты, орнықты дамудың үлгісі деп атады. 2001 жылы Қазақстанға келген Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстан халқы туралы жоғары пікір білдірді.

Нұр-Сұлтан – тәуелсіз мемлекеттің Астанасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бірегей жобасына, егеменді Қазақстанның табысты символына, ұлттық брендке және елдің эталонына айналды. Нұр-Сұлтан – Азияның ең солтүстігінде орналасқан астана. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен қала «Әлем қаласы» атағына ие болды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Қазақстандық қоғамның барлық салаларындағы ахуалдың жақсаруы мемлекеттің халықаралық беделінің артуына мүмкіндік берді.

Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан әлемдік аренадағы стратегиялық маңызды ойыншыға және Орталық Азия аймағында даусыз көшбасшыға айналды.

Қазақстанның тәуелсіздік таңында әлемдегі төртінші ядролық қару қорынан бас тартуы ірі әлемдік державалар тарапынан сенімнің нығаюына ықпал етті. Сондай-ақ, әлемдік қоғамдастықтың жас мемлекетке достық қарым-қатынасын қамтамасыз етумен қатар, Қазақстан Республикасының жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының біріне айналуына мүмкіндік туғызды. 2015 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдады.

Қазақстан көпжақты және бейбіт сыртқы саясатты дамытып, әлемнің 183 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатты. Қазақстан саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу мақсатында БҰҰ, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ секілді халықаралық қоғамдастық құрған негізгі үкіметаралық ұйымдардың құрамына кіреді және арадағы ынтымақтастықтың артуына күш салады.

Қазақстан белсенді сыртқы саяси қызметі мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және Түркі Кеңесі сияқты ұйымдарды құруда негізгі рөл атқарды. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ саммитін және ЭКСПО дүниежүзілік көрмесін өткізді. Қазақстан ТМД-да оны өткізген алғашқы ел болды.

Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан үшін өрлеу мен тұрақты даму дәуіріне айналды.