ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ – ОТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫН ОДАН ӘРІ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ – ОТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫН ОДАН ӘРІ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗІ

Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық фармацевтика саласының елеулі жетістіктерін атап өтіп, оны одан әрі тұрақты дамыту қажеттігін ерекше айтты.

Президенттің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша Қазақстан фармацевтика индустриясына деген сенім деңгейі жөнінен ТМД елдері арасында бірінші орынға шықты. Дәрілік заттар нарығының көлемі бір триллион теңгеден асты, ал соңғы үш жылда салаға тартылған шетелдік инвестициялар көлемі үш еседен астам өсті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қол жеткізілген нәтижелердің саланы одан әрі жетілдірудің берік негізі ғана екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын, қауіпсіздігі мен тиімділігін мемлекеттік бақылау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді. Департаменттің қызметі заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, дәрілік заттардың айналымына мемлекеттік бақылауды күшейтуге және азаматтардың қауіпсіз әрі сапалы фармацевтикалық өнімге қол жеткізу құқықтарын қорғауға бағытталған.

Мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру халықтың отандық фармацевтика саласына деген сенімін арттыруға, саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және халықаралық сапа стандарттарын енгізуге ықпал етеді.

Департамент Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағытты қолдай отырып, халықты қауіпсіз дәрілік қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның жоғары технологиялық әрі бәсекеге қабілетті фармацевтика саласын одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жүйелі түрде жалғастырады.