
Астана қаласы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің бастамасымен діни қызмет саласындағы заңнаманы сақтау және әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған түсіндіру кездесуі өткізілді.
Іс-шараның спикері ретінде Астана қаласы әкімдігінің Дін істері басқармасына қарасты «Qamqor Astana» қоғамдық қоры Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы Романова Адия Төлегенқызы сөз сөйледі.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі нормалары, сондай-ақ ар-ождан бостандығы мен адам құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық қағидаттар түсіндірілді.
Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453 және 490-баптарында көзделген жауапкершілік шаралары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды заңсыз тарату, рұқсат етілмеген діни рәсімдерді өткізу, діни алауыздықты қоздыратын материалдарды сақтау және терроризм туралы жалған ақпарат тарату сияқты құқықбұзушылықтардың салдары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу барысында діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды тарату тәртібі де талқыланып, мұндай қызметтің тек заңнамада белгіленген орындарда жүзеге асырылуы қажеттігі атап өтілді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары құқықтық мәдениетті арттыруға, зайырлы мемлекет қағидаттарын нығайтуға және Қазақстан Республикасының заңнамасын құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.