Медициналық цифрлық жүйенің болуы жөніндегі міндетті талапты енгізу туралы

Медициналық цифрлық жүйенің болуы жөніндегі міндетті талапты енгізу туралы

Астана қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті (бұдан әрі – Департамент) келесіні хабарлайды.

Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 8 мамырдағы бұйрығымен денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістер 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап барлық денсаулық сақтау субъектілері үшін пациенттердің медициналық деректерін жинауға, өңдеуге және сақтауға, сондай-ақ электрондық медициналық жазбаларды қалыптастыруға арналған медициналық цифрлық жүйенің (бұдан әрі – МЦЖ) болуы міндетті талап болып табылады.

МЦЖ-ның болуы лицензияны немесе лицензияға қосымшаны беру кезінде лицензиялау органдары тарапынан тексерілетін болады. Талаптарға сәйкестікті растау үшін денсаулық сақтау субъектісі МЦЖ жеткізушісімен жасалған шартты ұсынуы және жүйенің жұмыс істеп тұрғанын көрсетуі қажет. Сонымен қатар МЦЖ-ны пайдалану профилактикалық бақылау және біліктілік талаптарына сәйкестікті тексеру барысында да ескерілетін болады.

Қазіргі уақытта елімізде белгіленген талаптарға сәйкес келетін 22 медициналық цифрлық жүйе жеткізушісі тіркелген (ҚР ДСМ-80, 2021 жылғы 6 тамыздағы бұйрық). Медициналық ұйымдар пациенттердің дербес деректерін қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, жеткізушіні дербес таңдайды және шарт жасасады.

Медициналық деректерді Ұлттық электрондық денсаулық паспортына беру міндеті Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 60-бабының 2-тармағында көзделгенін және 2020 жылғы 7 шілдеден бастап қолданыста екенін еске саламыз.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап барлық денсаулық сақтау субъектілері үшін (оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен консультативтік кабинеттер үшін) медициналық қызметке лицензия немесе лицензияға қосымша алу кезінде МЦЖ-ның болуы жаңа лицензиялық талап ретінде енгізіледі.

Сондай-ақ барлық жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау субъектілеріне (оның ішінде жеке кәсіпкерлерге) медициналық цифрлық жүйеге қосылу, «СУР-2» ақпараттық жүйесінде есептік жазба ашу және оны уақтылы әрі толық ақпаратпен толтыру қажет.