
Қазіргі уақытта дәрілік заттардың 4994 сауда атауына шекті бағалар бекітілген. Сонымен қатар, рецептсіз берілетін 1707 препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, Департаменттің тұрақты мониторингі жағдайында нарықтық қағидаттар бойынша сатылуда.
2025 жылдың 4-тоқсанынан бастап 2026 жылдың 2-тоқсанына дейін Астана қаласы бойынша Департамент елордада сатылатын дәрілік заттардың бағасына ай сайын мониторинг жүргізеді.
Мониторинг нәтижелері бойынша сұранысқа ие дәрілік заттардың бағасының төмендеуі байқалады.
Мысалы, «Крестор» 10 мг №28 дәрілік препараты бойынша, 2025 жылғы 11 ақпандағы № ҚР ДСМ-94 бұйрығының редакциясына сәйкес, бөлшек саудада өткізу үшін шекті баға 10 317,18 теңгені құраған.
2025 жылғы 18 шілдеде № ҚР ДСМ-94 бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік реттеу аясында бөлшек саудадағы шекті баға 7 339,77 теңгеге дейін төмендетілді.
Сонымен қатар, дәріхана ұйымдарында бұл препараттың орташа бағасы 5 900 теңгені құрайтыны анықталған.
Ұқсас динамика келесі препараттар бойынша да байқалады:
Айта кету керек, дәрілік препараттардың бағасының төмендеуі бағаны мемлекеттік реттеу саясатын сақтауымен байланысты.
Сонымен қатар Департамент бірқатар дәрілік препараттар бойынша бағаның төмендеуін тіркеп отыр.
Атап айтқанда, «Кеторол таблеткалары №20» дәрілік заты бұрын 870 теңгеден сатылса, қазіргі таңда 305 теңгеден сатылуда. Осылайша, бағаның төмендеуі 565 теңгені құрады.
«Нимесил ұнтағы №30» дәрілік заты бүгінгі күні 2 894 теңгеден сатылуда, ал бұрын оның құны 4 870 теңгені құраған. Бағаның төмендеуі 1 976 теңгені құрады.
Департамент №ҚР ДСМ-94 бұйрығына сәйкес шекті бағаларды сақтау маңыздылығын атап өтеді, оларды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1204 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес медициналық мақсаттағы дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, медициналық бұйымдардың жиынтықтаушыларының, сондай-ақ техникалық қосалқы (компенсаторлық) құралдардың тізбесін бекіту туралы», дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қосылған құн салығы (ҚҚС) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 5% мөлшерінде, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10% мөлшерінде қолданылады.
Осыған байланысты, бүгінгі таңда дәрілік заттарға шекті бағаларды бекіту кезінде ҚҚС реттеуі ескерілмейтінін хабарлаймыз, себебі Салық кодексінің нормаларына сәйкес, өткізуден түсетін табыс пен айналым ҚҚС-сыз айқындалады.
Сонымен бірге, салық төлеуші ҚҚС-ты шекті бағаға қосымша түрде есептеуге құқылы, өйткені шекті баға — бұл нақты сатылу бағасы емес, тек рұқсат етілген жоғарғы шек болып табылады.
Дәрілік заттардың шекті бағалары туралы ақпаратты «DariKZ» және «NAQTY ONIM» мобильді қосымшаларынан алуға болады.
Бұдан бөлек, дәрілік заттардың қолжетімділігі мен құны туралы өзекті ақпаратты «i-teca» мобильді қосымшасынан көруге болады.
Дәрілік препараттардың шекті бағаларының асып кету фактілері анықталған жағдайда, азаматтар дәріхана ұйымдарына қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін Департаментке жүгінуіне болады.