Дәрілік заттардың сақтау жағдайын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-19 бұйрығымен фармацевтикалық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі қағидалар бекітілген.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау өнімнің сақталуын, әртүрлі топтағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау шарттарын сақтауды және олармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ететін арнайы жабдықталған үй-жайларда (аймақтарда) жүзеге асырылады.
Сақтау үй-жайлары (аймақтары) өнімді қабылдау, сақтау, есепке алу және жөнелту операцияларын жүргізуді қамтамасыз етеді. Үй-жайлардың жарықтандырылуы операциялардың дәлдігі мен қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Үй-жайларда орналастырылған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бір мезгілде орналасу көлемі үй-жай алаңының 75 %-ынан аспауы тиіс.
Үй-жайлардың құрылысы мен әрлеуі
Сақтау үй-жайларының (аймақтарының) едендері мен жабындары механикаландыру құралдарының әсеріне және дезинфекциялық құралдарды қолдана отырып жүргізілетін ылғалды тазалауға төзімді болуы тиіс.
Үй-жайлар мен жабдықтардың тазалығы тұрақты түрде қамтамасыз етіледі. Жинау құралдары, құрал-жабдықтар және дезинфекциялық материалдар контаминацияны болдырмау үшін бөлек сақталады.
Өнімді буып-түю және орналастыру:
- Өнімнің зауыттық немесе тасымалдау қаптамасы сақталуы тиіс.
- Қаптама бұзылған жағдайда өнім тұтынушылық немесе ашық зауыттық қаптамада, заттаңбасы сыртқа қаратып, сөрелерде, тұғырларда, шкафтарда немесе сейфтерде орналастырылады.
- Қосалқы заттар мен шығыс материалдары зауыттық қаптамада, құрғақ әрі желдетілетін үй-жайларда сақталады. Қаптама ашылғаннан кейін қалдықтары герметикалық пакеттерге немесе тығыз қағаз қаптарға салынады.
Санитариялық және температуралық талаптар:
- Қойма үй-жайлары жәндіктердің, кеміргіштердің және басқа жануарлардың енуінен қорғалған; зиянкестерге қарсы профилактикалық бақылау бағдарламасы жүзеге асырылады.
- Үй-жайларда температура мен ылғалдылық нормалары сақталады; температура ауытқуы мүмкін аймақтар тексеріліп, тиісті құжаттамамен рәсімделеді.
- Қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және дәретханалар сақтау аймақтарынан бөлек орналасады. Сақтау аймақтарында тамақ өнімдері, сусындар және жеке дәрілік заттарды орналастыруға жол берілмейді.
- Сақтау аймақтарында жұмыс істейтін қызметкерлер қорғаныш немесе жұмыс киімін пайдаланады және нұсқамадан өтеді.
Жабдықтардың жағдайын бақылау:
- Бақылау-өлшеу аспаптары жылына кемінде бір рет калибрленеді және тексеріледі.
- Жабдықтар жарамды күйде ұсталып, таза сақталады және нұсқаулыққа сәйкес пайдаланылады.
Өнімді сақтау тәртібі
- Дәрілік заттар фармакологиялық топтары, қолдану тәсілі, агрегаттық күйі және физика-химиялық қасиеттері бойынша бөлек сақталады.
- Сәйкес келмейтін өнімдер (брак, мерзімі өткен, қолдануға тыйым салынған, жалған болуы мүмкін деген күдік бар) оқшауланып, қолжетімділігі шектелген арнайы орындарға орналастырылады.
- Тоңазытқыш камералар мен құрылғылар температураны бақылау аспаптарымен жабдықталады, ал температура мен ылғалдылық көрсеткіштері тәулігіне кемінде бір рет журналдарға тіркеледі.
Аймақтарды ұйымдастыру
- Қабылдау, карантин, брак, жөнелту және сақтау аймақтары бөлек ұйымдастырылады.
- Қабылдау және жөнелту аймақтары ауа райы әсерінен қорғалған және желдету, температура мен ылғалдылықты бақылау жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
- Өнім сақталатын аймақтарда айқын таңбалау және персоналдың қолжетімділігін бақылау қамтамасыз етіледі.