Департамент дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен ББҚ-ларды заңсыз жарнамалауға тыйым салынғанын ескертті

Департамент дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен ББҚ-ларды заңсыз жарнамалауға тыйым салынғанын ескертті

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің хатын орындау мақсатында төмендегіні хабарлайды.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 56-бабы 3-тармағының 1), 2), 11–15) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасына, бұқаралық ақпарат құралдарында рецептуралық дәрілік заттарды жарнамалауға, сондай-ақ халыққа арналған жарнамада төмендегі ауруларды емдеу тәсілдерін көрсетуге тыйым салынады: жыныстық жолмен берілетін аурулар, онкологиялық, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, қауіпті жұқпалы аурулар, ВИЧ-инфекция, туберкулез, қант диабеті. Сондай-ақ жарнамада ғалымдардың, денсаулық сақтау саласы мамандарының және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының ұсынымдарына сілтеме жасауға, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірегей, ең қауіпсіз әрі тиімді деп көрсетуге, олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі табиғи шығу тегіне байланысты деген мәлімдемелер жасауға, сондай-ақ емдеу немесе қызмет тиімділігіне кепілдік беретіндей болжам тудыруға, жанама әсерлердің болмауын мәлімдеуге жол берілмейді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-288/2020 бұйрығымен бекітілген «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасын жүзеге асыру қағидаларының» 11-тармағына сәйкес, жарнама таратушы жарнаманы тек уәкілетті органның құзыретіне кіретін денсаулық сақтау технологияларын бағалау мәселелері жөніндегі ведомстволық ұйымның (Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы) қорытындысы ұсынылған жағдайда ғана орналастырады.

Бұдан бөлек, биологиялық белсенді қоспалардың, дәрілік заттардың және медициналық қызметтердің айналымы мен жарнамасына мемлекеттік бақылауды күшейту шеңберінде «Қазақстан Республикасында биологиялық белсенді қоспаларға, медициналық қызметтерге және дәрілік заттарға заңсыз жарнаманы анықтау және жолын кесу жөніндегі жол картасы» әзірленді (№ 734, 2025 жылғы 10 қыркүйек).

Осыған байланысты, Департамент дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасына қатысты заңнама талаптарын сақтаудың қажеттілігін ескертеді.