
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті «ғажайып дәрілер» деп аталатын өнімдерді сатып алуға байланысты тәуекелдер туралы, сондай-ақ медициналық құжаттарды қолдан жасаудың алдын алу шаралары жөнінде хабарлайды.
Қазақстан Республикасының дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінде «ғажайып дәрі» деген сауда атауымен препараттар тіркелмеген. Бұл мұндай құралдардың ел аумағында ресми тіркеуден өтпегенін және тиісті тіркеу куәлігі жоқ екенін білдіреді.
Күмәнді дәрілік заттарды сатып алу денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай препараттар аллергиялық және улы реакциялар тудыруы, сондай-ақ басқа дәрілермен қауіпті өзара әсерлесуі мүмкін, бұл әсіресе ағза үшін қауіпті. Сонымен қатар, мұндай құралдар жиі тиімсіз болып шығады, соның салдарынан науқастың жағдайы нашарлауы ықтимал.
Сондай-ақ уақыт жоғалту қаупін атап өткен жөн: «ғажайып құралға» сеніп, адам білікті медициналық көмекке жүгінуді кейінге қалдырады, нәтижесінде ауру асқынуы мүмкін. Бұдан бөлек, мұндай препараттарды сатып алу көбіне елеулі қаржылық шығындарға әкеледі.
Тәжірибе көрсеткендей, аталған тәуекелдер көбінесе дәрілік заттарды бейресми делдалдардан немесе рұқсаты жоқ ұйымдардан сатып алу кезінде туындайды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, амбулаториялық жағдайда дәрілік заттарды тағайындау медициналық көрсетілімдер болған кезде және құзыреті шегінде ғана денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері арқылы жүзеге асырылады.
Дәрілік препараттарды тағайындау міндетті түрде электрондық медициналық ақпараттық жүйелерде тіркелуге тиіс. Рецепттер дәрілік түрін, дозасын, қолдану режимін және емдеу ұзақтығын міндетті түрде көрсете отырып рәсімделеді. Жалпылама тұжырымдарды қолдануға, сондай-ақ рецепттерге түзетулер енгізуге жол берілмейді.
Электрондық медициналық жүйе арқылы дәрігер тағайындауын алу және рецепттерді рәсімдеудің белгіленген талаптарын сақтау медициналық құжаттарды қолдан жасау тәуекелдерін азайтуға бағытталған.
Айта кету керек, дәрілік заттардың айналымы саласындағы бақылау іс-шаралары Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 5-тарауының 28-бабы 3-тармағында көзделген, сондай-ақ тексерулер мен бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 4-тармағына сәйкес, бақылау және қадағалау субъектілеріне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін оны тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар болуы қажет. Бұл адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей қауіптің алдын алу және (немесе) жою мақсатында жүргізіледі.
Департамент жоспардан тыс тексерулерді Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабында көзделген негіздер бойынша да жүзеге асырады.
Департамент Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын сақтауды ескертеді және дәрілік заттарды, сондай-ақ медициналық қызметтерді тек мемлекеттік немесе лицензиясы бар жекеменшік медициналық ұйымдар мен дәріханалардан алуды ұсынады.
Сонымен қатар, азаматтарға СМС-кодтарды, ЖСН-ді, паспорттық деректерді және өзге де құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу ұсынылады, себебі бұл жеке деректер мен қаржы қаражаттарына заңсыз қол жеткізуге әкелуі мүмкін.
Алаяқтық әрекеттерге күдік туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне хабарлау ұсынылады. Бұл заңсыз схемаларды дер кезінде анықтап, жолын кесуге мүмкіндік береді.