
Қазақстан Республикасында халықтың денсаулығын қорғау, медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және дәрілік заттармен уақтылы қамтамасыз ету мәселелері Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодексімен реттеледі. Аталған Кодекске сәйкес мемлекет азаматтардың сапалы медициналық көмек алуына, сондай-ақ дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуіне кепілдік береді.
Осы Кодекстің нормаларын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 20 тамыздағы № ҚР ДСМ-89 бұйрығымен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қағидалары бекітілген. Аталған бұйрыққа сәйкес амбулаториялық деңгейде науқастарға дәрілік заттарды тағайындау және оларды босату электрондық форматта жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №ҚР ДСМ-75 бұйрығымен Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі бекітілген. Осы тізбеге енгізілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар пациенттерге ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде беріледі.
Осы мақсатта амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді есепке алу ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ДҚАЖ) қолданылады. ДҚАЖ - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде рецепттер жазып беруді, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің өнім берушісінің тауарды босатуын немесе дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметті есепке алуды автоматтандыруға арналған денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ақпараттық жүйе болып табылады.
ДҚАЖ ақпараттық жүйесінде дәрігер науқастың диагнозына сәйкес электрондық рецептті рәсімдеп, оны жүйеге енгізеді. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті жинауды нозологияларын, атауларын, дәрілік заттардың әрбір дәрілік нысаны бойынша дозалары мен көлемдерін және медициналық бұйымдардың сипаттамасын, бір реттік дозасын, бір тәулікте қабылдау еселігін (бір айда қабылдау күнінің саны), бір курстың ұзақтығын (бір жыл ішіндегі курс санын), пациентке жылдық қажеттілікті, алдыңғы жылға жазып берілген және қамтамасыз етілген көлемді көрсете отырып, Қор ДҚАЖ-да дербес жүзеге асырады.
Халықаралық тәжірибеде электрондық рецепттер мен дәрілік қамтамасыз етуді басқарудың цифрлық жүйелері кеңінен қолданылады. Мысалы, Еуропа елдерінің бірқатарында және дамыған мемлекеттерде дәрігерлер рецептілерді толықтай электрондық форматта жазып, дәріханалар осы жүйе арқылы дәрілік заттарды береді. Мұндай жүйелер дәрілік препараттардың дұрыс тағайындалуын бақылауға, пациенттердің ем қабылдауын қадағалауға және дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасында енгізілген ДҚАЖ ақпараттық жүйесі де осы халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және денсаулық сақтау саласын цифрландырудың маңызды элементі болып табылады. Аталған жүйе арқылы дәрілік заттарды тағайындау, есепке алу және босату процестері автоматтандырылып, дәрілік қамтамасыз етуге қатысты деректерді жедел талдауға мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде дәрілік заттарға деген дербес қажеттілікке қол жеткізіліп, халықты дәрілік заттармен уақтылы қамтамасыз ету деңгейі артады.