КҮШІНЕ ЕНЕТІН ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ 2025 ЖЫЛҒЫ 16 ҚАҢТАРДА ДЕПАРТАМЕНТ ОФЛАЙН ФОРМАТТА СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

КҮШІНЕ ЕНЕТІН ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ 2025 ЖЫЛҒЫ 16 ҚАҢТАРДА ДЕПАРТАМЕНТ ОФЛАЙН ФОРМАТТА СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 120 бұйрығына сәйкес дәрігердің рецепті бойынша ғана босатуға жол берілетін күшті әсер ететін заттардың тізбесі бекітілді.

Аталған тізбе 94 атаудан тұрады, оның ішінде дәріханалық практикада қолданылатын дәрілік заттар да бар. Ең көп таралған заттардың қатарына, атап айтқанда: тропикамид, циклопентолат, прегабалин, зопиклон, анаболикалық стероидтар, синтетикалық гормондар, сибутрамин және оның аналогтары жатады.

Бұрын осы дәрілік заттарды рецептісіз босату тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген болатын (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы). Алайда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі.

Аталған күннен бастап Қазақстан Республикасында есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтарының, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға бағытталған қылмыстық заңнамадағы өзгерістер күшіне енеді (2025 жылғы 2 қаңтардағы № 150-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы).

Өзгерістер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301 және 303-баптарына енгізілді.

Күшті әсер ететін дәрілік заттарды дәрігердің рецептісіз босатқаны үшін келесі қылмыстық жазалау шаралары көзделген:

160 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, түзеу жұмыстары, 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, 40 тәулікке дейінгі қамауға алу, үш жылға дейін фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру, сондай-ақ мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.

Аталған өзгерістердің күшіне енуіне байланысты 2025 жылғы 16 қаңтарда Департамент тарапынан офлайн форматта семинар-кеңес өткізілді. Іс-шараға Алматы қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының басшысы, сондай-ақ Алматы қаласының фармацевтикалық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Сондай-ақ субъектілерге GPP өткізу және «Денсаулық сақтау саласындағы қосылған құн салығынан босатудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1203 қаулысы бойынша ақпарат жеткізілді.