ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ БӨЛШЕК САУДАДА ӨТКІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ СУБЪЕКТІЛЕРІНЕ

ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ БӨЛШЕК САУДАДА ӨТКІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ СУБЪЕКТІЛЕРІНЕ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті тіркелмеген, медициналық қолдануға рұқсат етілмеген, адамның денсаулығы мен өміріне зиян келтіруі мүмкін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануына жол бермеу мақсатында келесіні хабарлайды.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 233-бабы 4-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген, сапасы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестік сертификатымен расталмаған және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуге тыйым салынады.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды интернет арқылы бөлшек саудада өткізетін нысаны – дәріхана болып табылады, бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-104/2020 бұйрығымен бекітілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу қағидаларының (бұдан әрі – ҚР ДСМ-104/2020 қағидалары) 12-тармағының 1) тармақшасында айқындалған.

 

ҚР ДСМ-104/2020 қағидаларының 4-тармағына сәйкес, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізуді дәріханаларда, дәріхана пункттерінде, жылжымалы дәріхана пункттерінде бөлшек саудада өткізуге тиісті лицензия алған не Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңда белгіленген тәртіппен оптика және медициналық бұйымдар дүкендері арқылы қызметінің басталуы туралы хабарлаған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер жүзеге асырады.

Осыған байланысты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізу үшін: дәрілік заттарды (дәрілік заттар үшін)бөлшек саудада өткізуге қосымшасы бар фармацевтикалық қызметке лицензиясы, медициналық бұйымдарды (медициналық бұйымдар үшін) бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны туралы хабарламаны қабылдау туралы талоны болуы қажет. Бұл талаптар 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 1-қосымшасының 16-тармағы және 3-қосымшасының 24-тармағына сәйкес белгіленген.

Қазақстан Республикасының жоғарыда аталған заңнамалық нормаларына қосымша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды интернет арқылы, оның ішінде маркетплейстер арқылы өткізу ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-288/2020 бұйрығымен бекітілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалау қағидаларымен (бұдан әрі – ҚР ДСМ-288/2020 қағидалары) реттеледі.

ҚР ДСМ-288/2020 қағидаларының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасы (бұдан әрі – жарнама) – бұл кез келген түрде, кез келген құралдар арқылы таралатын және (немесе) орналастырылатын, белгісіз адамдар тобына арналған, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы жекелеген не жиынтық ақпаратты қамтитын, олардың өткізілуіне және жылжуына ықпал ететін ақпарат.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалау үшін міндетті талаптардың бірі – фармацевтикалық қызметке арналған мемлекеттік лицензия мен оның қосымшаларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тіркеуден өткенін растайтын мемлекеттік тіркеу куәлігінің болуы ҚР ДСМ-288/2020 қағидаларында айқындалады.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Департамент дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізу кезінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін қатаң сақтауды ескертеді.

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы заңнама талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, бұл бұзушылықтар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 426-бабының қолданылуына әкеп соғуы мүмкін.