
2026 жылғы 13 наурызда Департамент басшысы А.Н. Жаманбалина қызметкерлер арасында Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 17 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы таныстырылды. Іс-шара барысында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (ӘРПК) енгізілген негізгі өзгерістер түсіндіріліп, өтініштерді қабылдау, тіркеу, қарау мерзімдері, әкімшілік рәсім барысында тыңдау жүргізу тәртібі, әкімшілік актінің мазмұны және шағым беру мерзімдері бойынша жаңа талаптар туралы айтылды.
Жиын барысында енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – әкімшілік рәсімдерді нақтылау, құқықтық айқындықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту екені атап өтілді.
Сонымен қатар, Медициналық қызметті сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы А.М. Нугманов Наурыз мейрамы қарсаңында мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік және қызметтен тыс уақытта әдеп нормаларын сақтау, лауазымдық жағдайын жеке мақсатта пайдаланбау, сондай-ақ ойын мекемелеріне бармау және құмар ойындарға қатыспау талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар қызметтік тәуелді адамдардан сыйлық алуға тыйым салынатыны және заңнама талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді.
Жиын қорытындысында мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қатаң сақтау және Департаменттің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеу қажеттігі атап өтілді.