Шетелдік дәрігерлерді Қазақстанға тарту кезіндегі талаптар туралы

Шетелдік дәрігерлерді Қазақстанға тарту кезіндегі талаптар туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті шетелдік мамандардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтамай медициналық көмек көрсетуі рұқсат етілмейтіндігін ескертеді.

Соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте шетелдік дәрігерлердің консультациялар өткізуі туралы мәліметтер таратылуда. Осыған байланысты Қазақстандағы медициналық қызмет міндетті мемлекеттік реттеуге және медициналық көмектің сапасын бақылауға жататынын атап өту маңызды.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес шетелдік мамандар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы маманының тиісті сертификаты болған кезде және клиникалық практикаға жіберудің белгіленген тәртібі сақталған кезде ғана медициналық көмек көрсете алады.

Мұндай рұқсатты алу үшін шетелдік мамандар білімі туралы құжаттарды тануды, кәсіби тәжірибесін растауды және кәсіби даярлығын бағалаудан өтуді қоса алғанда, біліктілігін растау рәсімінен өтеді.

Бұл талаптар пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медициналық көмектің сапасына кепілдік беруге бағытталған. Рұқсат құжаттары жоқ мамандарға жүгіну диагностика мен емдеудегі қателіктерге, сондай-ақ пациенттердің құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық ұйымдарды заңнама талаптарын сақтауға, ал азаматтарды медициналық көмекке Қазақстан Республикасында медициналық қызметті жүзеге асыруға ресми құқығы бар мамандарға ғана жүгінуге шақырады.

Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс уәкілетті органның тұрақты бақылауында.