Әскери нысандардағы медициналық қызметті тексеру тәртібі және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары

Әскери нысандардағы медициналық қызметті тексеру тәртібі және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары

2025 жылғы 18 маусымда ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Әскери департаменті өкілдерінің қатысуымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында кеңес өтті.

Кеңеске Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Айманов, аумақтық департаменттер мен басқармалар басшылары, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің азаматтық және әкімшілік салалар бойынша құқықтық ақпарат қалыптастыру бөлімінің бастығы Ержан Мусабеков, қылмыстық саладағы құқықтық ақпарат қалыптастыру бөлімінің прокуроры Тлеген Мұқатаев қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар әскери нысандарда медициналық қызметке қатысты тексерулердің заңдылығын, оларды рәсімдеу, тіркеу тәртібі мен азаматтардан келіп түскен өтініштер бойынша мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, өтініш берушілермен тиімді коммуникация орнату және өтініштерді уақтылы әрі жан-жақты қарауды қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Әскери департамент өкілдері тексеру материалдарының сапасына қойылатын талаптарды және белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау қажеттігін еске салды.

Жеке құрам арасында заңдылықты, тәртіпті және сыбайлас жемқорлыққа қарсы «нөлдік төзімділік» қағидатын сақтау мәселесі жеке қаралды. Құқықтық көзқарастың біртұтастығы мен ведомствоаралық үйлесімділік құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесудің негізгі факторы болып табылатыны атап өтілді.