Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салу — әдеп пен жауапкершілік талабы

Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салу — әдеп пен жауапкершілік талабы

Лудоманияның алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау мәселелері мемлекеттік қызмет жүйесінде өзекті болып қала береді. Мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәстерге қатысуы адалдық, заңдылық және қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарына қайшы келеді.

2024 жылғы 8 шілдедегі № 116-VIII Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәстерге қатысуға тікелей тыйым салуды көздейтін өзгерістер енгізілді.

Бұл шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ғана емес, сонымен қатар қаржылық қиындықтарға, заңсыз ықпалға тәуелділікке және қоғам сенімінің жоғалуына әкелуі мүмкін лудоманияның алдын алуға бағытталған.

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі де қызметтен тыс уақытта моральдық-этикалық нормаларды сақтауды және қызметтік қажеттілікке байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын-сауық мекемелеріне барудан бас тартуды міндеттейді. Белгіленген талаптарды бұзу тәртіптік жауапкершілікке, оның ішінде қызметтен босатуға немесе мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға әкеп соғады.

Аталған нормаларға түсіндірме берген Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Букаев Ертас Хауазұлы мемлекеттік қызмет — қоғамның ерекше сенімі екенін, сондықтан әрбір қызметші мінсіз бедел мен жоғары жауапкершілік танытуы тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, лудоманияның алдын алу — сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды бағыты. Себебі қаржылық тәуелділік заң бұзушылықтарға жол ашып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Осыған байланысты түсіндіру жұмыстарына, заң талаптарын қатаң сақтауға және қызметтік әдеп қағидаттарын нығайтуға ерекше назар аударылады.

Белгіленген шектеулерді сақтау — бұл заң талабы ғана емес, сонымен қатар жеке жауапкершіліктің, құқықтық мәдениеттің және мемлекет мүддесіне адал қызмет етудің көрсеткіші.

Әдеп жөніндегі уәкілі - А.А.Оспанова