Түркістанда халықаралық конференция өтті

Түркістанда халықаралық конференция өтті

2022 жылғы 6 мамырда, Түркістан қаласында ҚМДБ ұйымдастыруымен, Түркі тілдес елдердің мүфтилер Алқасының бірінші отырысы және «Ислам өркениетінің дамуына Түркі халықтарының қосқан үлесі» атты халықаралық конференция өтті. 

Бұл шаралар түркі халықтарының бірегей ұлттық-рухани, адамгершілік және мәдени құндылықтарын дәріптеуге, дінаралық және өркениеттік ынтымақтастыққа өзіндік үлес қосуға бағытталған.

Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров; ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы; Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев; Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі; сондай-ақ, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Кавказ елдерінің діни өкілдері қатысты.

Конференцияның ашылуы барысында Министр Асқар Омаров, Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау сөзін оқып берді.

«Бүгінгі басқосу түбі бір, тарихы ортақ елдеріміздің рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарына тың серпін беріп, игі бастамаларымыздың баянды болуына ықпал ететіні сөзсіз. Баршаңызға зор денсаулық, конференция жұмысына толайым табыс тілеймін!»,- делінген Мемлекет Басшысының құттықтау хатында.

Өз кезегінде, Асқар Қуанышұлы Түркі әлемінің тарихи және рухани астанасы – Түркістанда өтіп жатқан бұл Халықаралық конференцияның өзектілігін және оның түркі әлемінің рухани-діни өміріне деген ықпалын тілге тиек етті.

Жиынға қатысушылар, өз тарапынан, конференция түркітілдес ел  халықтарының ұлттық-рухани және мәдени құндылықтарын насихаттауға жаңа леп беріп, дінаралық және мәдени ынтымақтастықты нығайтуға септік ететініне сенім білдірді.