Комикстер арқылы діни экстремизмнің қаупі түсіндірілетін болады

Комикстер арқылы діни экстремизмнің қаупі түсіндірілетін болады

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған алғашқы қазақстандық комикс әзірленді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша дайындалған «MEIRMAN» атты Комиксте "Жусан" гуманитарлық-операциясы аясында елге оралған азаматтардың өмірі арқылы діни радикалды идеологияның қаупі түсіндіріледі.
Экстремизмге қарсы күрес месседждерін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында комикс форматы кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі экстремизмге төзбеуді мектеп қабырғасынан бастап дамыту қажет.
Діни экстремизмнің алдын алу контенттерін әзірлеу кезінде Министрлік аудиторияның сұранысын ескере отырып, жастар арасындағы трендтерді пайдалану арқылы оқырмандарға жол табуда.

Комиксте Мейірман есімді баланың Сириядағы террористік белсенділік аймағында басынан өткізген қиындықтары туралы баяндалады. Мейірман өзінің табандылығы мен мықты рухының арқасында қиындықтар мен кедергілерді жеңе біліп, отбасымен қауышып, туған еліне оралады. Туған жерінде ержетіп, беделді азаматқа айналады.
Бас кейіпкер Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері, соның ішінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың құндылығын атап көрсетеді.

«MEIRMAN» комиксімен TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ интернет-порталдарда танысуға болады.