Н.Назарбаев орталығының алаңында «Ашық аспан астында» үшінші халықаралық фотокөрменің ашылуы өтті

Н.Назарбаев орталығының алаңында «Ашық аспан астында» үшінші халықаралық фотокөрменің ашылуы өтті

3 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы алаңында иудаизмге арналған «Ашық аспан астында» үшінші халықаралық фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті.

Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің Төрағасы Е.Нүкежанов, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев, Қазақстан Республикасындағы Израиль Мемлекетінің консулы Галина Френкель, Нұр -Сұлтан қаласының бас раввині Шмуэль Карнаух, сондай-ақ басқа діни бірлестіктердің және Қазақстандақы АҚШ, Ресей, Жапония, Ватикан, Бельгия елдерінің дипломатиялық өкілдіктері қатысты.

Фотокөрменің мақсаты – әлемнің әр түрлі халықтарының діндері мен мәдениеттеріне толерантты дүниетанымды және құрметпен қарауды қалыптастыру, қоғамды негізгі адами және рухани құндылықтардың айналасына топтастыру, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда бірлескен жауапкершілікті нығайтуға жәрдемдесу.

Рәсім соңында шараға қатысушылар Қазақстан Республикасындағы Израиль Мемлекетінің Елшілігінің, Еуропа-Азия еврейлер конгресінің Орталық Азиядағы өкілдігінің, «Хабад Любавич» еврей орталығы (Қарағанды қ.), «Бейт Менахем» Хабад үйі (Алматы қ.) ұсынған фотосуреттермен таныс болды.

Естеріңізге сала кетейік, «Ашық аспан астында» фотокөрмесі барлық сақтық шараларын сақтай отырып, барлық қызығушылар үшін Бейбітшілік және келісім сарайында 2021 жылдың 13 қыркүйегіне дейін жалғасатын болады.