
Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев Британдық қоғамдық өмір Дін және сенім жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Вульф институтының директоры Эдвард Кесслермен кездесті.
Кездесу барысында дінаралық диалог пен келісімді нығайтудағы көпжақты ынтымақтастық, сондай-ақ діни салада тәжірибе алмасу, оның ішінде діни радикализмнің алдын алу мәселелері талқыланды.
Дін істері комитетінің төрағасы Е.Оңғарбаев елдегі діни ахуал мен діни қызмет туралы жаңа заң жобасының негізгі нормалары туралы хабардар етті.
Айта кетейік, Вульф институты өкілдерінің Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жанындағы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы және Вульф институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр.

Е.Оңғарбаевтың айтуынша, бұл меморандум жүйелі негізде ақпарат алмасу, зерттеу жұмыстары мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ діни салада өзекті мәселелер бойынша консультациялар, бірлескен іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, комитет басшысы Вульф Институтының бастамасымен қолға алынып отырған «Қазақстан мен Ұлыбританиядағы диалог және инклюзивтілік» жобасын қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Аталған жоба Қазақстан мен Ұлыбританияның мұсылман мәдениетін және ислам әдет-ғұрыптарын салыстырмалы зерттеуге арналған.
Эдвард Кесслер этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы қазақстандық тәжірибені зерттеуге ерекше қызығушылық танытты. Ол Дін істері комитетінің төрағасын мұсылмандар, христиандар және иудейлер арасындағы қарым-қатынасты зерттейтін Кембридждегі Вульф институтына келіп, оның жұмысымен танысуға шақырды.
Кездесу соңында тараптар тәжірибе алмасу және діни саладағы өзара іс-қимыл жөніндегі сындарлы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға уағдаласты.