«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе облысының полицейлері абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтауда

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе облысының полицейлері абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтауда

 

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендердің санитариялық тазалығын сақтау және абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Полицейлер тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгу, қоқыс үйінділерін заңсыз орналастыру, сондай-ақ аумақтарды күтіп-ұстау қағидаларын бұзу фактілерін анықтау бағытында тұрақты жұмыстар жүргізуде.

Мәселен, ағымдағы жылдың 24 маусымында Ақтөбе қаласындағы Ақжар-1 тұрғын алабының маңында КАМАЗ жүк көлігінің жүргізушісі қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгіп жатқан жерінен анықталды. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Рейдтік іс-шаралар барысында құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге тастау, сондай-ақ іргелес аумақтарды күтіп-ұстау талаптарын сақтамау фактілеріне ерекше назар аударылуда.

Ақтөбе облысы Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес «Елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін» әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылады.

Полиция азаматтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және рұқсат етілмеген қоқыс орындары туралы 102 арнасына хабарлауға шақырады.

Осы бағыттағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасын табатын болады.