Ақтауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті

Ақтауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті

Бүгін, 23 наурыз күні Ақтауда 15-шағынаудан аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Іс-шара барысында Каспий теңізінің жағалауы мен су айдыны қоқыстан тазартылды. Аталған іс-шара Наурызнама онкүндігінің 10-күні - Тазару күніне сәйкес келді. Сенбіліктің негізгі мақсаты - қоршаған ортаны қорғау, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, Каспий теңізін сақтау және қала тазалығын қамтамасыз ету.

Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова сенбіліктің алдағы жоспары туралы айтты.

- Бұл бір күндік сенбілік емес - ол бір ай бойы, 23 наурыздан 25 сәуірге дейін жалғасады. Локациялар әр жолы өзгеріп отырады. Сонымен қатар, алдағы уақытта сенбілікке белсене қатысқан тұрғындарға түрлі сыйлықтар қарастырылғанын да атап өткім келеді. Бүгін ауқымды жұмыс атқарылып, көптеген тұрғындар өздерінің жоғары азаматтық белсенділігін көрсетті, - деді Әсел Балманова.

Басқарма басшысы сенбілік аясында белсенді қатысқан азаматтарға арнайы сыйлықтар табыстады. Айта кетейік, «Тазару күні» аясында Маңғыстау облысы бойынша 3007 адам жұмылдырылған. Олардың қатарында 1608 мемлекеттік мекеме қызметкері, 300 ерікті, сондай-ақ 1099 кәсіпорын қызметкері, жастар ұйымдарының мүшелері мен жергілікті тұрғындар бар. Нәтижесінде 349 тонна қоқыс шығарылды.