
Заманауи цифрлық шешімдермен жабдықталған бірегей киіз үй «Қазақстан халқына мың алғыс» стеласы маңына орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарын өзіне аударған ортаға айналды. Ол ұлттық дәстүрлер мен инновацияларды ұштастырған жаңа форматтағы мерекелеу үлгісі ретінде қызығушылық тудырды. Бұл, әсіресе, елде жарияланған Цифрландыру жылы аясында өзекті бастама.
Өңір басшысы Асхат Шахаров ақтөбеліктермен бірге Наурыз мейрамын тойлап, аталған киіз үйді аралап көрді. Ол бұл кеңістіктің қазақ халқының дәстүрлері заманауи цифрлық форматта жаңаша жанданып отырған маңызды алаң екенін атап өтті.
Көшпелі киіз үй заманауи цифрлық технологиялармен толық жабдықталған және келушілерге жаңа форматтағы тәжірибе ұсынады. Қонақтар роботтар, VR-көзілдіріктер және интерактивті панельдер арқылы инновациялармен танысып, ерекше әсерге бөленеді. Жасанды интеллект негізінде жасалған 3D модельдердің көмегімен қазақ халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек зерделеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, киіз үй ішінде арнайы VR-турлар ұйымдастырылып, келушілер виртуалды түрде өткен кезеңдерге сапар шегіп, ұлттық мұраны жан-жақты зерттей алады.
Наурыз мейрамы аясында стела маңында барлығы 6 киіз үй орнатылып, олардың әрқайсысы қазақтың бай дәстүрлері мен мәдениетін айшықтады.