
Ұлыстың ұлы күнін тойлауға он мыңдаған тұрғын мен қала қонақтары жиналды.
Ақтөбеліктер жылдағы ең басты мерекелердің бірі – Наурыз мейрамын кең көлемде, жылы әрі ерекше атмосферада тойлады.
Мерекелік шаралар «Қазақстан халқына мың алғыс» стеласы алаңында өтті. Таңертеңнен бастап бұл жерге қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. «Наурыз — жарқын жыл басы» атты бағдарлама ұлттық дәстүрлердің байлығын және мерекенің заманауи сипатын айқын көрсетті. Сахнада қойылған әсерлі театрландырылған көрініс Наурыз тойының шымылдығын ашты.
Қала тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров құттықтады.
«Сіздерді жаңару мен жасампаздықтың мерекесі - Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз - дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып саналады.
Бүгінгі мейрам – қыстан аман-есен шығып, күн мен түн теңесіп, жан-жануар, өсімдік біткен түлеп, төлдеп, түрленіп, елдің аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнайтын күн.
Бұл жарқын мейрам өңіріміздің ортақ табыстары мен жетістіктерін еске алуға да мүмкіндік береді. Әрбір облыс тұрғынының еңбегі мен бастамасының арқасында біз экономиканы нығайтып, әлеуметтік саланы дамытып, өмір сүруге қолайлы жағдай жасап келеміз. Алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетеміз деп сенемін. Наурыз әр шаңыраққа қуаныш, бақ-береке мен молшылық әкелсін», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Ресми бөлімнен кейін көрермендер назарына жергілікті эстрада өнерпаздарының қатысуымен мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада халық әндері шырқалып, ұлттық билер орындалып, нағыз халықтық мерекенің көрінісі қалыптасты.
Мерекенің шырайын шақырған сәттердің бірі – арнайы шақырылған өнер жұлдыздары Жанар Айжанова мен Айгүл Иманбаеваның өнер көрсетуі болды. Олар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлады.
Күні бойы қала тұрғындары Әз-Наурызды айырықша ықыласпен тойлады: ұлттық тағамдардан дәм татып, мәдени іс-шараларға қатысып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.
Ақтөбедегі Наурыз тойы ұлттық дәстүрлерді сақтау, мәдени мұраға құрмет көрсету және халық бірлігінің жарқын үлгісіне, заманауи мәдениет пен технология тоғысқан біртұтас мерекелік кеңістікке айналды. Бұл мейрам шуақты ме тағы да татулық пен келісімнің маңызын еске салып, әр буын өкілдерін қуаныш пен ізгілікке біріктірді.