Ақтауда Наурыз мерекесіне орай «Digital Nauryz» цифрлық киіз үйі тігілді

Ақтауда Наурыз мерекесіне орай «Digital Nauryz» цифрлық киіз үйі тігілді

Ақтауда 22 наурыз - Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында 2026 жыл - Цифрландыру және жасанды интеллект жылы шеңберінде «Digital Nauryz» форматындағы интерактивті цифрлық киіз үйлер тігілді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Ұлттық дәстүр мен заманауи технологиялар тоғысқан ерекше алаңның негізгі мақсаты - цифрлық технологияларды кеңінен насихаттау, жастардың ақпараттық технологиялар саласына қызығушылығын арттыру және өңірдегі жергілікті IT-жобалардың әлеуетін көпшілікке таныстыру.

Мерекелік іс-шара барысында «Цифрлық киіз үй» ішінде бірнеше технологиялық бағыт бойынша интерактивті көрмелер ұсынылды. Атап айтқанда, робототехника аймағында келушілер назарына Наурыз есімді робот-адам мен Тазы есімді робот-ит таныстырылып, олардың мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар, киіз үй ішінде «Шәй-tech» жобасы орналастырылып, бұл жоба аясында кесеге шәйді автоматты түрде құятын ақылды робот таныстырылды. Ал Амалбек есімді робот келушілерге құманмен су құю қызметін көрсетуде.

Сонымен қатар, VR/AR-аймақтарында виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары арқылы арнайы әзірленген интерактивті ойындар ұсынылды.

VR-аймақта жергілікті мектеп оқушылары әзірлеген ойын көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Ойын сюжеті Қазақ хандығы дәуіріндегі тарихи кезеңдерді қамтып, қатысушыларға сол заманның атмосферасын заманауи технология арқылы сезінуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, 3D-принтинг аймағында 3D-баспа процесі тікелей көрсетіліп, осы технология арқылы жасалған түрлі бұйымдар көрмеге қойылды. Бұдан бөлек, келушілерге өңірде әзірленген бірқатар IT-шешімдер мен цифрлық өнімдердің презентациясы ұйымдастырылып, олардың мүмкіндіктері таныстырылды.

LED-экран арқылы өңірдегі ақпараттық технологиялар саласында жүзеге асырылып жатқан жергілікті жобалар, стартаптар және жастардың IT саласын дамытуға бағытталған бастамалары туралы бейнероликтер көрсетілді.

«Mangystau Hub» аймақтық IT-хабының жетекшісі Айгерім Мәжтай жобаның маңызы мен мақсатына тоқталды.

- Бүгінгі цифрлық киіз үйлерде жас өнертапқыштардың жаңа инновациялық жобаларын көрсетіп отырмыз. Бұл жерде білім беру саласындағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктері және цифрлық киіз үй сынды VR арқылы әзірленген жобалар таныстырылған. Бұдан бөлек, қала қонақтары мен тұрғындарына арнап гуманоид роботтармен көрісу мүмкіндігі ұсынылуда. Сондай-ақ Тазы есімді робот-ит билеп, халықтың көңілін аулауда. Біздің мақсатымыз - халықты цифрлық мүмкіндіктермен таныстырып, жобалардың қандай деңгейге жеткенін көрсету, - деді Айгерім Мәжтай.

Айта кетейік, «Digital Nauryz» жобасы - ұлттық құндылықтар мен цифрлық инновацияларды үйлестіре отырып, жаңа форматтағы мерекелік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама.