Маңғыстауда 2 мыңнан астам адам қатысқан ұлттық киім шеруі өтті

Маңғыстауда 2 мыңнан астам адам қатысқан ұлттық киім шеруі өтті

Маңғыстауда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Берекелі Наурыз – мерекелік шеру» ұйымдастырылды. Теңіз жағасында өткен салтанатты іс-шараға 2 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Сап түзеген шеру қатысушылары 14-шағынаудан, «Астана» сауда орталығы жанындағы теңіз жағалауынан бастап 15-шағынаудан амфитеатр алаңына дейін жүріп өтті. Олар арнайы тәртіп бойынша қозғалып, он адамнан бір қатарға тізіліп, иық тіресе қадам басты.

Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының басшысы Ақмарал Зейілова шерудің өткізілу тәртібіне тоқталды.

– Топты бастап келе жатқан нұсқаушы түрлі түсті жалаулар арқылы бағыт беріп отырды. Жасыл жалау – қатарды сақтай отырып, жылдам жүруді білдірсе, сары жалау – баяу қозғалу қажет екенін көрсетті. Ал қызыл жалау кезінде қатысушылар тоқтап, ұлттық киімдерін көпшілікке паш етті. Бұл тәртіп шерудің бірізділігін сақтап қана қоймай, көрермендерге де ерекше әсер сыйлады, – деді Ақмарал Зейілова.

Ұлт мәдениетін ұлықтаған ауқымды іс-шара ұлттық киім мен дәстүрді дәріптеуге арналды. Шеруге қатысушылардың қатарында әртүрлі сала өкілдері, жастар мен қала тұрғындары болды. Олар ұлттық нақыштағы шапан, камзол, сәукеле, тақия сынды дәстүрлі киімдерді киіп, қазақтың бай мәдени мұрасын насихаттады.

Шеруге қатысқан Қарақия ауданының тұрғыны Ерлан Ерғалиев өз әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл шеруге арнайы дайындалған.

– Мен бұл шеруге ерекше дайындалдым. Үстімдегі ұлттық киім – атамнан қалған мұра. Оны кию арқылы ата-баба дәстүрін жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығын көрсеткім келді. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, – деді Ерлан Ерғалиев.