
Көкшетаудағы Наурыз мейрамының ең әсерлі сәттерінің бірі — «Қара жорға» халық биінің жаппай орындалуы болды. Абылай хан алаңында ұлттық шапан киген 2 мыңнан астам ер азамат — ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, еңбек ұжымдары, әскери қызметшілер, спортшылар мен жастар бір ырғақта тоғысты.
Қатысушылардың айтуынша, бұл үйлесімді өнер көрсету ұрпақтар сабақтастығының символына және қоғамдық бірліктің жарқын көрінісіне айналды. Шараның маңыздылығын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та ерекше атап өтті.
«Киелі Ақмола жері әрқашан бірліктің бесігі, таланттардың мекені болған. Бүгін алты жасар баладан алпыстағы ақсақалға дейінгі ер азаматтарымыз «Қара жорға» биін билеп, бүкіл әлемге халқымыздың болмысын паш етуде. Бұл би — жай ғана қимыл емес, бұл дала еркіндігін жеткізетін өнер. Біздің борышымыз — осы мұраны жаңғыртып, жастарға аманаттау», — деді өңір басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өңір тағы бір рекорд орнатқан болатын: 1500 мектеп оқушысы бір мезетте «Бес асық» ұлттық ойынына қатысты.