
2026 жылғы 21 наурыз күні Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің конференц-залында «Наурыз – бірлік пен татулықтың бастауы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері, қоғамдық құрылым өкілдері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесуде «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов Наурыз мейрамының қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызына тоқталды. Ол бұл мерекенің тек көктемнің келуін ғана емес, ел бірлігінің, ортақ құндылықтардың жаңғыруын білдіретінін айтты.
Ал Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман Наурыздың тарихи-мәдени мәніне тоқталып, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті.
«Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Сәрсенбай Хасенов мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен оны дамытудағы ортақ жауапкершілік жайында сөз қозғады.
«Ақмола облысы поляктар бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Нагачевская өз сөзінде Қазақстандағы этностар арасындағы достық пен өзара құрметтің жоғары деңгейде екенін айтып, Наурыз мейрамының барлық ұлтты біріктіретін мереке екеніне назар аударды.
Сонымен қатар, «Бірлік» депутаттық тобының мүшесі Анар Аяпбергенова қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау жолындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Аналар кеңесінің мүшесі Нұрсәуле Мұратқызы отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиенің қоғамдағы орнына тоқталып, Наурыздың ізгілік пен мейірімділікті насихаттайтын мереке екенін жеткізді.
Іс-шара соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, өз ойларымен бөлісті. Дөңгелек үстел мазмұнды диалог алаңына айналып, қоғамдағы бірлік пен татулықты одан әрі нығайтуға бағытталған ұсыныстар айтылды.