
Бүгін, 21 наурыз күні Ақтау қаласының 15 шағын ауданындағы «Амфитеатр» алаңында Ұлыстың ұлы күніне орай «Алтыбақан» этнографиялық ойын-сауық бағдарламасы өтті. Кеш барысында қазақ халқының көне дәстүрі – Көрісу күніне арналған театрландырылған көріністер қойылып, ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен насихатталды.
Жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама аясында халық әндері, вокалдық және би нөмірлері, сондай-ақ домбырашылар ансамблінің орындаулары ұсынылды. «Алтыбақан» маңындағы жастардың думанды көріністері, сонымен қатар «Сақина салу», «Арқан тартыс», «Ақсүйек» сынды ұлттық ойындар көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
– Бүгін теңіз жағалауында Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің ұйымдастыруымен бірнеше іс-шара өтіп жатыр. Дәл қазір 200-ге жуық өнерпаздың қатысуымен Алтыбақан этнографиялық ойын сауық бағдарламасы өтуде. Ауа-райының қолайсыздығына қарамасатан іс-шараны тамашалауға келген қала қонақтары риза. Наурыз мерекесіне арналған шаралар легі ертең жалғасады. 22 наурыз күні шеру өтеді, мерекелік концерттер бар. Ал кеш соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт ұйымдастырылады. Баршаңызды ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын!, - деді Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрболат Мусагалиев.
Аталған іс-шара тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бірлік пен татулықтың, дәстүр сабақтастығының айқын көрінісіне айналды. Көрермендер қауымы ата-баба мұрасымен танысып, ұлттық құндылықтардың терең мағынасына қанықты.