Digital Nauryz: дәстүр мен цифрлық технология тоғысқан жаңа серпін

Digital Nauryz: дәстүр мен цифрлық технология тоғысқан жаңа серпін

Елімізде бүгін Наурыз мерекесі жаңа форматта – «Digital Nauryz» аясында аталып өтуде. Дәстүр мен заманауи  технологияларды ұштастырған бұл бастама өңірлерге тың серпін беріп, IT саласына деген қызығушылықты арттыруда.

Өскемен қаласында да «Digital Nauryz» цифрлық жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына озық технологиялар мен жаңа IT шешімдер кеңінен таныстырылды.

Айта кету керек, 2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Осыған орай, «Digital Nauryz» жобасы цифрлық трансформацияның нақты көрінісіне айналып, өңірдегі IT саласының дамуына жаңа серпін беруде.

Өскемен қаласындағы «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында өткен көрмеде цифрландыру саласындағы жетістіктер мен өңірде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар ұсынылды.

Алдымен орталық алдындағы алаңда полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің заманауи техникалары таныстырылды. Көрменің екінші бөлігінде келушілер «цифрлық полицей» жабдықтарын көріп, дрондардың жұмысын экран арқылы бақылады. Сонымен қатар, ұшқышсыз көлік пен «Өскементранстелеком» филиалының цифрлық шешімдері ұсынылды.

Көрме барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобалармен танысып, қатысушылармен және келушілермен пікір алмасты. Олардың қатарында шетелдік студенттер, мектеп оқушылары және «IQanat» олимпиадасының қатысушылары болды. Белсенді әрі білімді жастар – өңірдің болашағы, олардың идеялары аймақтың цифрлық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

– Бүгінде біз өңірде ауыл шаруашылығынан бастап өндіріс пен басқа да салаларға дейін цифрландыруды енгізудеміз. Жаңа технологиялар қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартады. Біздің мақсатымыз – өңірді инновациялар мен инвестицияларды тартатын, заманауи технологиялар кеңінен қолданылатын орталыққа айналдыру. Ол үшін барлық жағдайды жасап, ең алдымен жастарды IT саласына тарту қажет. Наурыз – жаңару мен жаңғыру кезеңі. Ал жаңа технологиялар – осы үдерістің айқын көрінісі. Дәстүр мен цифрлық дамудың үйлесім табуы – қуантады. Бүгінде балалардан бастап ересектерге дейін цифрландырудың маңызын түсіне бастады. Жалпы, жаһандық цифрлық дамуда алдыңғы қатардан көріну үшін жастардың білім сапасын арттыруға және олардың әлеуетін ашуға барлық жағдай жасаймыз, – деді өңір басшысы.

Айта кетейік, көрме «Nauryz Digital» апталығы аясында ұйымдастырылды. Апта барысында өңірде IT саласына қатысты бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, жастар өз жобаларын ұсынған хакатон ұйымдастырылды. Hackathon Pitch Day барысында мектеп оқушылары өз идеяларын қорғап, қаржылай қолдауға ие болды.

Сонымен қатар, цифрлық технологиялар саласындағы әйелдер форумы өтіп, онда әйелдердің технологиялық саладағы мүмкіндіктері мен рөлі талқыланды.

Білім беру саласы да назардан тыс қалмады – 35 мұғалім жасанды интеллект бойынша арнайы оқытудан өтті.

Балаларға арналған «AI Lab Наурыз» және «Drone Lab Наурыз» жобалары жүзеге асырылып, қатысушылар дрондарды басқару және оларды қауіпсіз пайдалану дағдыларын меңгерді.

Көрме аясында төтенше жағдайлар қызметінің мүмкіндіктері де көрсетілді. Өңірде жедел байланыс орнатуға арналған арнайы көліктер бар. КамАЗ базасында жасалған бұл техникалар жоғары өтімділігімен ерекшеленіп, қолжетімсіз аймақтарға да жете алады.

– Қажет болған жағдайда мобильді кешендер арқылы кез келген елді мекенде жедел байланыс орната аламыз. Бұл әсіресе шалғай ауылдар үшін өте маңызды, – деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында «Транстелеком» АҚ бірқатар жобаларды жүзеге асыруда.

– Біз білім беру мекемелерін қауіпсіздік жүйелерімен, бейнебақылаумен және жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеміз. Сонымен қатар, шалғай елді мекендерді спутниктік байланыс арқылы интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар өңірдің цифрлық әлеуетін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға бағытталған, – деді компания басшысы Ерлан Құсайынов.

Көрмеде өңірдің жетекші оқу орындары да өз жетістіктерін таныстырды. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан техникалық университеті.

– Бұл алаңда біз университеттің цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жобаларын ұсынып отырмыз. Студенттеріміз әзірлеген роботтар, смарт-көліктер және ұшқышсыз техникалар – соның айқын дәлелі. Жалпы, ғылыми жобаларымыздың басым бөлігі осы бағытқа негізделген, – деді университеттің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Ұлан Несіпқалиев.

Жалпы, «Nauryz Digital» апталығы өңірдің IT қауымдастығын біріктіріп, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашқан маңызды алаңға айналды.

Ұлттық құндылықтар мен заманауи технологияларды ұштастырған бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табады.