
Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында «Ұлттық спорт күні» кең көлемде атап өтіліп, аталған іс-шараға аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Е. Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты А.Есназар және ардагерлер мен спортшылар қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Спорт дегеніміз – денсаулық, рухтың күштілігі, отансүйгіштік. Қазақ ұлттық ойындары - қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар еңбек пен рухани қызметтің жаңғырығын біріктіреді» деп атап өтті. Бүгінгі «Ұлттық спорт күні» – бабадан қалған асыл мұраларымызды жаңғыртуға, бұқаралық спортты дамытуға, сонымен қатар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын ерекше күн. Біздің атақты спортшыларымыз, ұлттық ойындарда топ жарған жерлестеріміз – ел мерейін асырып, халқымыздың намысын қорғап жүр. Қазақ күресі, көкпар, бәйге, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлері біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Ұлттық спортты дамыту, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау – біздің басты міндетіміз. Себебі, ұлттық ойындар – тек спорт қана емес, ол – халқымыздың рухани құндылығы.
Мерекелік шарада қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, бес тас секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Шараға жасөспірімдерден бастап, кәсіби спортшылар мен ұлттық ойын жанашырлары да қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, іс-шара барысында ұлттық дәстүр дәріптелді.