
Ұлттық спорт күні кең көлемде, жоғары деңгейде аталып өтті. Іс-шараны қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып, жаңа атшабарда өткізді.
Мерекелік бағдарлама қазақ халқының бай мәдени мұрасын айшықтайтын ұлттық спорт түрлерімен өрбіді. Атап айтқанда, теңге ілу (қала біріншілігі), аударыспақ (қала біріншілігі), қазақ күресі (жастар арасында түйе палуан), асық ату (қала тұрғындары арасында), бес асық (қала тұрғындары арасында), қыз қуу және ләңгі тебу (қала тұрғындары арасында) бойынша тартысты жарыстар ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Жарыс барысында спортшылар өздерінің шеберлігі мен ептілігін паш етіп, нағыз ұлттық рухты көрсете білді. Қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және кубоктармен марапатталды.
Мерекелік шара тек спорттық сайыстармен шектелмей, ұлттық дәстүрді жаңғыртқан мазмұнды думанға ұласты. Қала тұрғындары алтыбақан теуіп, асық атып, бес асық ойнап, ұлттық ойындардың қызығын қайта сезінді. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бұл көріністі қызығушылықпен тамашалады.
Дәстүрлі спорт – жай ғана жарыс емес, ол – халқымыздың өмір салты мен ұлттық болмысының көрінісі. Оның бойында батылдық, күш-қайрат, ептілік пен төзімділік сынды асыл қасиеттер тоғысқан. Бұл – Ұлы Даланың рухы мен ата-баба аманатының жалғасы.
Бүгінде ұлттық спортқа деген қызығушылық артып келеді. Әсіресе, Наурыз мейрамы оның қайта жаңғырып, кеңінен насихатталуына тың серпін беруде.
Ұлттық спорт күні – халқымыздың бай мұрасын ұлықтап, ұрпақ санасына рухани құндылықтарды сіңіретін, тағылымы терең мереке.