ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ КИІМ ДИЗАЙНЕРЛЕРІНІҢ СӘНДІК ДЕФИЛЕСІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ КИІМ ДИЗАЙНЕРЛЕРІНІҢ СӘНДІК ДЕФИЛЕСІ ӨТТІ

Шымкент қаласында Наурызнама онкүндігі аясында Концерттік-көрме орталығында Ұлттық киім күніне арналған ұлттық киім дизайнерлерінің сәндік дефилесі мен көрмесі өтті.
Аталған сән көрсетіліміне Шымкент қаласында ұлттық киім брендтерін дамытып жүрген ірі кәсіпкерлер мен отандық дизайнерлер қатысып өз топтамаларын көрермен назарына ұсынды. Шара барысында қала қонақтары мен тұрғындары дәстүрлі нақыш пен заманауи стильді үйлестірген жаңа ұлттық киім үлгілерін тамашалай алды.
Бағдарлама аясында балалар арасында сән өнерін дамытуға бағытталған арнайы көрсетілім ұйымдастырылады. Бұл бастама жас таланттарды қолдап, ұлттық киімге деген қызығушылықты арттыруға бағытталып отыр. Сән көрсетілімінде жергілікті 11 дизайнер өз киім үлгілерін ұсынды. Сәнгерлер ұлттық колоритті сақтау және ұсыну арқылы модельдеу, киім стильдері бойынша жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетті.
Сонымен қатар, көрме-жәрмеңке барысында елімізге танымал дизайнерлердің туындылары ұсынылып, келушілерге ұлттық киім мәдениеті мен дәстүрін жақыннан танып-білуге мүмкіндік беріледі.
Іс-шараның мақсаты – Наурыз мерекесінің рухын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ұлттық киім индустриясын дамытуға қолдау көрсету.