Наурызнама: өскемендік оқушылар халқымыздың байырғы қолөнерімен танысты

Наурызнама: өскемендік оқушылар халқымыздың байырғы қолөнерімен танысты

Наурызнама онкүндігінің үшінші күні – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде танымдық шара ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараға Ш. Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейдің оқушылары қатысып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен Наурыз мерекесінің тарихы туралы мәлімет алды.

Музей қызметкерлері жас ұрпаққа Наурыздың жаңару мен бірліктің, береке мен жақсылықтың бастауы екенін түсіндірді.

Шара барысында оқушыларға қазақтың көне қолөнерінің бірі – ұршықпен жіп иіру дәстүрі таныстырылды. Музей мамандары ұршық иірудің қыр-сырын көрсетіп, оның тұрмыстағы маңызы туралы айтып берді. Кездесудің көркін Қыдыр ата мен Наурыз қыздың келуі аша түсті. Олар балаларға ақ батасын беріп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Оқушылар ән айтып, ұлттық ойындарға қатысып, мерекелік шараға белсенді атсалысты.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттырып, тарихи мұраны құрметтеуге тәрбиелейді.