
Отпан тауда өтіп жатқан Амал мейрамы аясында ұлттық қолөнерді дәріптеген көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып Маңғыстау шеберлері өз туындыларын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараның негізгі мақсаты - ұлттық өнерді дәріптеу және келушілерге қазақ дәстүрімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беру. Көрмеге Мұнайлы ауданынан келген Ален Сандуғаш (QARASHYQ / Қарашық бренді), Ақтау қаласының зергері Таймас Мукашев, сондай-ақ шеберлер Светлана Тоқбаева мен Гүлнұр Баратова қатысты. Олар көрмеге өздерінің бірегей туындыларын ұсынды.
Келушілер ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарды тамашалап қана қоймай, шеберлердің шығармашылық еңбегін бағалауға мүмкіндік алды.
Көрмеде Ақтау қаласының зергері Таймас Мукашев ұлттық нақыштағы күмістен соғылған әшекей бұйымдарын ұсынса, Светлана Тоқбаева қолмен тоқылған балалар киімдері, этно бас киімдер мен кардигандар, сондай-ақ қой мен түйе бейнесіндегі брелоктарды көрмеге қойып, келушілердің қызығушылығын арттырды.
Мұнайлы ауданынан келген Ален Сандуғаш ұсынған QARASHYQ (Қарашық) бренді көрмеде ерекше көзге түсті.
-QARASHYQ – қазақ дәстүрін сақтай отырып, заманауи стильмен үйлестірген жобам. Әр әшекей – көздің қарашығындай сақталып жасалған, әрбір деталі өз тарихын айтып, өз ерекшелігін көрсетеді. Көрмеге келген адамдар біздің өнерімізді сезініп, ұлттық мәдениетпен жақынырақ таныса алады деп сенемін, - деді Ален Сандуғаш.