Отпан тау баурайындағы Амал мейрамы: «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты аналар фестивалі өтті

Отпан тау баурайындағы Амал мейрамы: «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты аналар фестивалі өтті

Бүгін, 13 наурыз күні Отпан таудың баурайында «Ана жүрегі – мейірім мекені» атты аналар фестивалі өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Фестивальге облыстың әр өңірінен келген ақ жаулықты аналардан құралған 10 ансамбль қатысып, өнер көрсетті. Асыл аналар халық әндерін шырқап, сахналық көріністер қойды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, ана мен әже өнегесін насихаттау, сондай-ақ ұрпақ сабақтастығын нығайтып, халық әндерін кеңінен таныту.

Фестивальге қатысушылардың қатарында Бостан ауылдық мәдениет үйінің «Асыл әжелер» ансамблі бар. Ұжым жетекшісі Қырмызы Қожахметова ансамбльдің шығармашылығын атап өтіп, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

-Біздің «Асыл әжелер» ансамблі халық әндерін орындап, ұлттық өнерді насихаттап келеді. Ұжымымыз 9 әжеден құралған. Репертуарымызда бірнеше халық әні бар. Бүгінгі фестивальде «Ақтамақ» халық әнін және Маңғыстау өңірінің жергілікті композиторының «Маңғыстау» әнін орындаймыз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын. Ақ мол болып, деніміз сау болсын, - деді Қырмызы Қожахметова.