
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары Өскемен қаласында Наурыз мерекесін тойлау кезінде ерекше рекорд орнатуға дайындық жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша, үш мыңнан астам адам бір мезгілде домбырада әйгілі қазақ әні «Ақ бұлақ»-ты орындайды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев хабарлады.
Әнді орындау 22 наурыз күні сағат 09:00-де қаланың орталық алаңында өтеді. Арнайы комиссия келіп, нәтижені тіркеп, кейін Guinness World Records-қа өтінім беру үшін рәсімдейді.
Акцияға кез келген шығысқазақстандық қатыса алады. Ол үшін 21 наурыз күні сағат 15:00-де орталық алаңда болатын дайындыққа келу қажет. Қатысушыларға қойылатын талап ұлттық киім, әннің сөздері мен әуенін алдын ала жаттау.