14 наурызда Қарағанды облысында Наурызнама онкүндігі басталады

14 наурызда Қарағанды облысында Наурызнама онкүндігі басталады

14–23 наурыз аралығында Қарағанды облысында Наурыз мерекесіне орай мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Биыл мерекелік бағдарламалар Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында жаңартылған форматта өтеді. Негізгі тұжырымдама – ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, өңір тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды әрі жайлы мерекелік атмосфера қалыптастыру.

Наурызнама онкүндігінің әр күні белгілі бір тақырыпқа арналады.

14 наурыз – Көрісу күні.

Бұл күні қоғам қайраткерлері мен блогерлердің қатысуымен «Көрісу күні – Амал мерекесі» челленджі басталады. Сондай-ақ әлеуметтік мекемелерде қайырымдылық шаралары және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді.

15 наурыз – Қайырымдылық күні.

Әлеуметтік акциялар мен игі істер марафоны ұйымдастырылып, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға атаулы көмек көрсетіледі. Қарттар үйлері мен балалар мекемелеріне бару, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шаралар өткізу жоспарланған.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні.

Бұл күні тарихи-этнографиялық кеш, зияткерлік ойындар мен байқаулар өтеді. Сонымен қатар мәдениет қайраткерлерімен кездесулер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлерге арналған жастар іс-шаралары өткізіледі.

17 наурыз – Отбасы құндылықтары күні.

Бұл күні бірге өмір сүріп келе жатқанына 25 және 50 жыл толған жұбайлар құрметтеледі. Ұлттық дәстүрмен неке қию рәсімдері ұйымдастырылып, балалар мен отбасыларға арналған мерекелік бағдарламалар өтеді. Сондай-ақ жаңа босанған аналарға құрмет көрсетіледі.

18 наурыз – Ұлттық киім күні.

Облыс бойынша «Ұлттық киім күні» челленджі өтеді. Сонымен қатар Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында ұлттық киімді насихаттауға бағытталған «NAURYZ — FASHION» этнозаманауи киім фестивалі ұйымдастырылады.

19 наурыз – Жаңару күні.

Бұл күні аумақтарды тазалауға арналған экологиялық акциялар өтеді. Сондай-ақ оқушылар арасында идеялар байқауы және робототехника жобаларының көрмелері ұйымдастырылады.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні.

Қазақша күрес, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша жарыстар мен турнирлер өткізу жоспарланған. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тақырыптық челлендждер ұйымдастырылады.

21 наурыз – Бірлік және ынтымақ күні.

Облыс қалалары мен аудандарында орталық алаңдарға этноауылдар мен тақырыптық киіз үйлер тігіліп, театрландырылған қойылымдар, айтыс және мерекелік бағдарламалар өтеді.

Мерекенің негізгі әрі ауқымды алаңдарының бірі Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағының аумағында ұйымдастырылады. Мұнда мерекелік бағдарлама екі күнге жоспарланған. Мұндай формат мерекенің мазмұнын кеңейтіп, тұрғындар мен қонақтарды көбірек қамтуға және бағдарламаны жан-жақты ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Саябақтағы мерекенің басты мәдени оқиғасы — «Қош келдің, Әз-Наурыз» концерттік және театрландырылған бағдарламасы. Ол 21 наурыз күні сағат 12:00-де басталады. Сахнада өңірдің шығармашылық ұжымдары, мәдениет саласының өкілдері, әртістер және қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Қарағандылықтар мен қала қонақтарын әсерлі әндер, ұлттық билер, театрландырылған қойылымдар мен заманауи шығармашылық форматтар күтеді.

Сондай-ақ 21 наурыз күні сағат 14:00-де Қарағанды қаласындағы С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында дәстүрлі облыстық «Қош келдің, әз Наурыз» айтысы өтеді.

Наурызнама онкүндігі 23 наурыз – Тазалық күнімен қорытындыланады. Бұл күні «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында тазалық эстафетасы өткізіліп, республикалық «Таза Like» экофестивалі бастау алады.

Сонымен қатар мереке құрметіне 13–23 наурыз аралығында облыстың сауда нүктелерінде Nauryz Sale республикалық акциясы өтеді. Тұтыну тауарларына жеңілдіктер мен сатылымдар ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдері нарықтық бағадан 15–20% төмен бағамен ұсынылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді.

Ірі сауда желілері мен аудандық дүкендерде азық-түлік тауарларына 10–60%, ал киім-кешекке, тұрмыстық химияға, косметика мен құрылыс материалдарына 5–70% дейін жеңілдіктер қарастырылған.