Алғысқа толы әлем: Шонжыда бірлік пен мейірім мерекесі өтті

Алғысқа толы әлем: Шонжыда бірлік пен мейірім мерекесі өтті

Шонжы ауылдық мәдениет үйінде жалпыұлттық бірлік пен тарихи жадының символына айналған Алғыс айту күніне арналған «Алғысқа толы әлем» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Көктемнің алғашқы күндерімен тұспа-тұс келген бұл мереке аудан тұрғындары үшін достықтың, өзара құрмет пен мейірімнің жарқын көрінісіне айналды.

Мерекелік кештің шымылдығы ардақты ақсақалдың ақ батасымен ашылды. Ол өз сөзінде қазақ даласы түрлі кезеңдерде тағдыр тәлкегімен жер аударылған халықтарға пана болғанын еске алып, бүгінгі таңда ел ішіндегі татулық пен келісімнің маңыздылығын атап өтті.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Бота Елеусізова қатысты. Құттықтау сөзінде ол мемлекетіміздің берік іргетасы мейірімділік пен өзара қолдау екенін, өңір тұрғындары бұл құндылықтарды күнделікті өмірде айқын көрсетіп жүргенін айтты.

– Бүгінгі күн – мейірім мен жанашырлық ұлттық кодымыздың өзегіне айналған ортақ үйімізге арналған тағзым. Біз ата-бабаларымыздың ерлігіне бас иіп, ауданның әрбір тұрғынына ел бірлігін нығайту жолындағы күнделікті еңбегі үшін алғыс айтамыз. Дәл осы ынтымақ пен бірлікте өлкеміздің табысты дамуының кепілі жатыр, – деді Бота Серікқызы.

Мерекенің ерекше мәртебесін еңбегі мен қоғамдық қызметі арқылы ұлтаралық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі айқындай түсті.

Сондай-ақ аудандық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Нұрсұлтан Болатұлы мен ұйғыр этномәдени орталығының белсендісі Халидам Сайдуллаева құттықтау сөз сөйлеп, айтулы күннің татулық пен келісімді нығайтудағы маңызын атап өтті.

Мерекелік бағдарлама халықтық «Жазерке» ансамблінің, «Арзу» шығармашылық ұжымының патриоттық және лирикалық туындыларымен әрленді. Көрермендер «Сәннәтчиләр» және «Тағ мәшриви» қойылымдарын зор ықыласпен қабылдады. Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі мен «Елім» әні орындалып, жиналған қауымның рухын көтерді. И. Молутов атындағы орта мектеп оқушыларының «Чаббаят мұқамы» шығармасын орындауы көпұлтты Қазақстанның мәдени байлығын айқын көрсетті.

Патриоттық әндердің асқақ әуенімен түйінделген кеш пен бір-біріне жолданған ақ тілектер адамгершілік пен өзара құрметтің қоғам дамуының басты бағдары болып қала беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көктемнің алғашқы күні осылайша рухани жаңару мен бірліктің шынайы мерекесіне айналып, жас ұрпақ үшін тағылымы мол тәрбиелік мәнге ие болды.