Алғыс айту күніне орай, тұрғын үй кезегінде тұрған қарасайлықтар баспаналы болды

Алғыс айту күніне орай, тұрғын үй кезегінде тұрған қарасайлықтар баспаналы болды

Алғыс айту күніне орай, тұрғын үй кезегінде тұрған қарасайлықтар баспаналы болды. Жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстау рәсімі аудандық әкімдікте өтіп, оған аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты. Аудан басшысы тұрғындарды құттықтап, мұндай қуанышты жағдай алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Соңғы екі жыл ішінде ауданымызда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж ретінде кезекте тұрған 161 отбасы баспаналы болып, қоныс тойларын атап өтті. Бұл игі бастама өз жалғасын тауып, бүгін «Қарлығаш» және «Елтай» тұрғын үй кешендерінен 26 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Әр отбасының шаттыққа толы сәттері, балалардың күлкісі мен отбасылық қуанышы ауданымыздың әлеуметтік дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатының артуына айқын дәлел болып отыр.

Алдағы кезеңде Отбасы банктің тексеруінен өткеннен кейін қосымша 260 пәтер тұрғындарға кезең-кезеңімен табысталатын болады. Бұл — аудан тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсететін нақты нәтиже. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету — халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың айқын көрінісі.

Әр шаңырақта шаттық пен береке орнап, жаңа қоныс иелерінің қуанышы еселене берсін! Ауданымыздағы әр отбасының бейбіт өмірі мен тұрақты тұрмысын қамтамасыз ету — басты мақсатымыз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын!