Меню
Страницы

Кеген ауылында Наурыз мейрамына орай орталық алаңдағы басты сахнада «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты гала-концерт өтті

Кеген ауылында Наурыз мейрамына орай орталық алаңдағы басты сахнада «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты гала-концерт өтті

 Көктемгі думан Қыдыр атадан бата беріліп, арнайы театрландырылған қойылыммен бастау алды.

Іс-шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков сөз сөйлеп, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ел өміріндегі маңызды өзгерістерге тоқталды. Ол өз сөзінде 15 наурызда өткен республикалық референдумның маңызын, сондай-ақ Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Конституцияның ресми түрде күшіне енгенін ерекше атап өтті.

– Бұл концерттің басты мақсаты – көктем мерекесін ұлықтау, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті насихаттау, сондай-ақ халықтың бірлігі мен келісімін нығайту, – деді аудандық мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Нұрбайұлы.

Сонымен қатар, концерт барысында ақпан айынан бері аудан өнерпаздарын анықтау мақсатында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. «Мәдениет – менің елімнің қазынасы» байқауының қорытындысы бойынша үздік ауылдық округтерге сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Бас жүлде (700 мың теңге) Қарқара ауылдық округіне бұйырды. І орынды (500 мың теңге) Жалағаш ауылдық округі, ІІ орынды (300 мың теңге) Тұйық ауылдық округі, ІІІ орынды (200 мың теңге) Бөлексаз ауылдық округі иеленді. Ал Тасашы, Ұзынбұлақ, Саты, Жылысай, Алғабас ауылдары, А. Нүсіпбеков атындағы округ пен Кеген ауылдық округіне 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.

Мерекелік кеште эстрада жұлдыздары – Жігер Ауыпбаев, Нұрым Қуаныш, «Самұрық» этно-ансамблі және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Сондай-ақ аудан әртістері Дидар Асанов, Ақмарал Сүлейман, Бахаргүл Айтбаева, Біржан Өмірбек, Шәмші Мәжит, Ораз Беделхан және Айдын Алтай патриоттық және халық әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Орталық алаңға жиналған жұртшылық әншілермен бірге ән шырқап, «Самұрық» дуэтінің әуеніне би биледі. «Ұшқын» және «Жұлдыз» би ұжымдары да жарқын өнерлерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айта кету керек, мерекелік іс-шаралар өңірдің барлық ауылдарында, мәдениет ошақтары мен білім беру ұйымдарында дәстүрлі түрде жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Социальные медиа
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
ҚР Президентінің жолдаулары
Қазақстан Республикасының Конституциясы
"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заң