
21 наурыз күні Шымкент қаласындағы алты ірі алаң мен саябақта бір мезетте халықтық мерекелік шаралар өтеді. Аталған орындарда концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлерінің көрмелері, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және дәстүрлі тағамдар фестивалі ұйымдастырылады. Сағат 11:00-де және 19:00-да «Астана» алаңында Наурыз мейрамының мәнін ашатын театрландырылған қойылым көрсетіледі. Күндізгі мерекелік концертке жергілікті өнерпаздармен қатар елімізге танымал эстрада жұлдыздары қатысады. Бағдарламаны танымал өнер адамдары мен кәсіби жүргізушілер жүргізеді. Сондай-ақ, мерекелік концерттік бағдарламалардан бөлек, «Астана» алаңында технология мен дамудың нышаны ретіндегі роботатехника көрмесі, аспаз, ұлттық киім киген роботтар, интерактивті пианино мен қазақтың көшпелі өркениеті мен салт-дәстүріне, ұлттық ойындарын виртуалды нұсқада насихаттайтын VR ойындар алаңшалары, цифрлық киіз үй жасақталатын болады. Кешкі сағат 19:00-де «Астана» алаңында жергілікті өнер жұлдыздарымен қатар Айдана Меденова, TURAR, IL'HAN сияқты танымал эстрада әншілері қатысатын гала-концерт өтеді. Мерекелік кеш эксклюзивті отшашумен қорытындыланады.