Наурыз мерекесі қарсаңында тағамнан уланудың алдын алу шаралары

Наурыз мерекесі қарсаңында тағамнан уланудың алдын алу шаралары

Елімізде Наурыз мейрамының мәні зор болғандықтан бұл мерекені атап өтуге ерекше көңіл бөлінеді. Мейрам қарсаңында қазақтар молшылық шақыру үшін үйдегі барлық ыдысты тағамдармен, дәнді-дақыл, бұлақ суы, сүт, айранмен толтырып қойған. Мұндай дәстүр жаңа жылда жақсы өнім болады деген сенімге негізделген.

Бұл мейрамның дәстүрлі ең басты тағамы - Наурыз көже. Сондықтан, келер жылда молшылық болуына тілек білдіріп, наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс.

Наурыз көженің құрамының көп компоненттігі және оған сүт өнімдерінің қосылуы, көжені тез бұзылатын тағам өнімдеріне жатқызады. Сондықтан дайын көжені 4 ± 2 °С температурада 1 тәулік арасында ғана сақтауға ұсыныс береміз. Сақтау мерзімінің қысқалығын ескеріп, Наурыз көжені отбасы мүшелерінің немесе шақырылған қонақтардың  санына қарай әзірлеген жөн.

Мол дастархан жаю қазақи қонақжайлықтың белгісі. Осыған орай, наурыз көжеден басқа ет тағамдары, салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер, сусындар  және тағы басқа тағамдар  дастарханға қойылады. Осындай төл мерекені атап өтуде тамақтан уланудың, жіті ішек жұқпаларының, ас қорыту жүйесінің жедел асқыну ауруларының алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береміз.

Тамақтан уланудың, жіті ішек жұқпаларының алдын алу үшін үй жағдайында:

- гигиена ережелерін, әсірсе қол жуу, ас үй тазалығын сақтаңыз;

- тамақты дастарханға отырғанға жарты сағат қалғанда дайындалуын жоспарлау, шикі және дайын тағамдарды бірге сақтауға немесе оларды дайындауда бір бөлшектеу құралдарын қолдануға жол бермеңіз;

- сапасына күдік туындаған немесе айқын бұзылу (иісі, түсі, дәмі) белгілері бар шикізаттар мен тағамдарды қолданбаңыз;

- кешегі дастарханнан кейін қалған және тоңазытқышта сақталмаған өнімдерді пайдаланбаңыз.

           

Әдетте, мереке күндері азық-түлік және сауда нысандары аспаздық және кремді кондитерлік өнімдерді көп мөлшерде дайындайды. Бұл күндері әртүрлі салаттар, ет және балық тағамдары және т.б. сұранысқа ие, олардың сақтау және сату мерзімі қысқа. Сондықтан тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзіміне, сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болуына, оларды өткізу және сақтау шарттарына назар аудару қажет.

           

Сондай-ақ, қоғамдық тамақтандыру объектілері басшыларының назарын Наурыз мерекесі күндері тамақтан уланудың алдын алу мәселелеріне аударамыз және санитарлық ережелердің кейбір талаптарын сақтауды сұраймыз:

-өнімді сақтау шарттарын сақтай отырып, тез бұзылатын өнімдер мен дайын тағамдарды сату кезінде тоңазытқыш жабдығының жеткілікті болуын қамтамасыз ету;

- сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналдың жеке медициналық кітапшаларының болуын қамтамасыз ету;

- өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз ету;

- сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналдың жеке гигиенасын сақтау үшін жағдайлардың болуын қамтамасыз ету;

- қызметкерлердің арнайы киімінің болуын қамтамасыз ету (жеткілікті мөлшерде).

            Бұдан басқа, қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметкерлері мыналарды сақтауы тиіс:

-жеке гигиена ережелері және тазалық сақтау;

- азық-түлікті термиялық өңдеуді жүргізу, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;

- шикі және дайын өнімдерге арналған кесу құралдарын мақсатына сай пайдалану;

- тағамдарды дайындау кезінде сапалы өнімдерді қолдану, дайын өнімдерден бөлек шикі өнімдерді сақтау;

- іс-шаралар басталғанға дейін тағам өнімдерін ерте дайындаудан, ерте дастархан жаюдан аулақ болуды және қажетті температуралық режимді сақтай отырып, олардың сақталуын қамтамасыз ету ұсынылады.

Белгіленбеген сауда орындарынан, белгісіз сатушылардан үйде дайындалған өнімдерді (наурыз көже, айран) сатып алмау керек екендігін қаперіңізге саламыз.

Дайын тағамдарды сақтау мерзімін бұзбау керек!

Тамақтан уланудың басты алдын алу шарасы - бұл белгілі ережелерді сақтау. Осыған байланысты, Наурыз мерекесі кезінде және демалыс күндері тамақтан уланудың алдын алу үшін қажетті гигиена ережелері мен ұсыныстарды сақтау туралы тағы да еске саламыз.