Елді мекендер аумағында қалдықтарды жинау, пайдалану, қолдану, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау және көмуді мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады. Шағын елді мекендерде ҚТҚ жинау, шығару және көму орындарын күтіп-ұстау бойынша мамандандырылған ұйымдар болмаған жағдайда жергілікті атқарушы орган қызметінің бақылауымен және қызмет көрсетуімен қалдықтарды өз бетімен шығаратын орындар ұйымдастырылады.
Инфекциялық, оның ішінде туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық стационарларды қоспағанда, қоғамдық тамақтану, сауда, жалпы білім беру объектілерінің, санаторий-курорттық ұйымдардың тағам қалдықтары қақпағы бар ыдыстарға жиналады, салқындатылатын үй-жайларда немесе тоңазыту камераларында сақталады. Инфекциялық, оның ішінде туберкулезге қарсы, тері-венерологиялық стационарлардың тағам қалдықтарын қоспағанда, тағам қалдықтарын малға азық ретінде пайдалануға жол беріледі.
Елді мекендерде (тұрғын үй қорының, ұйымдардың, мәдени-бұқаралық мекемелердің, демалыс аймақтары аумақтарында) көлік кіретін жерлері бар, қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлінеді. Алаңға қатты жабын жабылады және үш жағынан қалдықтардың желмен таралу мүмкіндігін болдырмайтын биіктікте, бірақ кемінде 1,5 м биіктікте қоршайды.
ҚТҚ жинауға арналған контейнерлер қақпақтармен жабдықталады. Елді мекендерде контейнер алаңын уақытша қоныстарды (вахталық кенттерді, стационарлық емес объектілер мен құрылыстарды) қоспағанда, тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдарынан және халықтың демалыс орындарынан кемінде 25 м қашықтықта орналастырады. Қалыптасқан құрылыс салынатын аудандарда санитариялық ажырауларды сақтау мүмкіндігі болмаған кезде қашықтықтар жергілікті атқарушы органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің, объектілердің меншік иелерінің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен комиссиялық түрде белгіленеді.
ҚТҚ-ны жинау үшін абаттандырылған тұрғын үй қорында контейнерлерді қолданады, жеке үй иеліктерінде қақпағы бар еркін конструкциядағы ыдыстарды пайдалануға жол беріледі.
Субъект (ҚТҚ контейнерлерінің меншік иесі) контейнерлерді пайдаланатын халықтың санына, қалдықтардың жиналу нормаларына, олардың сақталу мерзіміне байланысты орнатылатын контейнерлердің санына жүргізілген есептеуді ескере отырып орналастырады. Контейнерлердің есепті көлемі қалдықтардың іс жүзінде жиналуына сәйкес келеді.
ҚТҚ-ны шығару уақтылы жүзеге асырылады. Контейнерлерде қалдықтарды сақтау мерзімі 0оС және одан төмен температурада үш тәуліктен, температура плюс болғанда бір тәуліктен аспайды.
Елді мекендерде (тұрғын үй қорының, ұйымдардың, мәдени-бұқаралық мекемелердің, демалыс аймақтары аумақтарында) контейнер алаңына іргелес аумақта Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 бұйрығымен бекітілген Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10886 болып тіркелген) көрсетілген периметрі бойынша жоспарлы-жүйелі санитариялық тазарту және қажеттілігіне қарай жүргізіледі.
ҚТҚ контейнерлерінің меншік иесі қалдықтарды тасымалдауға арналған көлік құралдарының санын салынып жатқан учаскенің іс жүзінде дамуын және нақты елді мекеннің жергілікті жағдайларын ескере отырып, анықтайды.
Көлік құралдары мен ҚТҚ контейнерлерінің меншік иесі көлік құралдарын жууға арналған алаңды шаруашылық аймағынан тыс жерде ұйымдастырады. Алаңда салқын су тартылған жуу бөлімшесі көзделеді. Таза және лас контейнерлердің және полигонға келіп жатқан қоқыс тасымалдайтын көліктердің көлік ағындары бөлінеді және қиылыспайды.
Су құбыры суы болмағанда контейнерлерді жууды сыртқы ауа температурасы +5оС-тан жоғары болғанда су себетін машиналармен жүзеге асыруға жол беріледі.
Контейнерлер мен көлік құралдарын жуған сарқынды сулар булану үшін карталарға жіберіледі немесе ҚТҚ-ны ылғалдау үшін пайдаланылады.
ҚТҚ полигонының, қоқыс үйінділерінің меншік иесі полигоннан (ұйымдастырылған қоқыс үйіндісінен) шығатын жерде қоқыс тасымалдайтын көліктердің дөңгелектерін зарарсыздандыруға арналған дезинфекциялаушы бетон ванна орнатады. Ваннаның ұзындығын кемінде 8 м, енін 3 м, тереңдігін 0,3 м етіп көздейді.
ҚТҚ полигоны, қоқыс үйіндісі аумақтарының барлық периметрі бойынша жеңіл қоршау, тереңдігі 2 м-ден асатын кептіру траншеясын немесе биіктігі 2 м-ден аспайтын топырақ үйінділерін орнатады.
Полигонға арналған орындар бөлек, құрылыстан бос, желденетін, жауын-шашын, еріген және тасқын сулар баспайтын, инженерлік шешімдердің орындалуына жол беретін, елді мекендердің және адамдардың жаппай демалу, шаруашылық сумен жабдықтау, минералды көздер, ашық су қоймалары және жерасты сулары орналасқан аймақтардың ықтимал ластануын болдырмайтын аумақтарда көзделеді.
Полигонды басым бағыттағы желді ескере отырып, елді мекендердің ық жағында, өзен ағысы бойынша шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың су алу орындарынан төмен, ашық су қоймаларының су жинау аймақтарынан, қыстау орларынан, балықтардың жаппай уылдырық шашу және семірту орындарынан төмен және шекарасынан тыс орналастырады.
Полигонды жер асты сулары 2 м-ден астам тереңдікте жатқан және сүзу коэффициенті тәулігіне 10 м-ден аспайтын өтімдігі аз жыныстармен жабылған учаскелерде орналастырады. Түбі мен қабырғалары гидрооқшаулаумен орнатылады.
ҚТҚ полигонында биоқалдықтарды: өлген жануарлардың өлекселерін, конфискаттарды, тұтас ет қалдықтарын қабылдауға жол берілмейді.
Су бұру жүйесіне қосылмаған елді мекендерде қатты және сұйық қалдықтар бөлек жиналады. Сұйық қалдықтар су өткізбейтін шұңқырларға жиналады және ассенизация алқаптарына немесе жер жырту алқаптарына ассенизациялау көлігімен шығарылады.