Электрондық темекінің (вейптердің) зияны

Электрондық темекінің (вейптердің) зияны
Вейптерде никотин, глицерин, пропиленгликоль, хош иістендіргіш құрамдас бөліктер, ацетальдегид, формальдегид және басқа да канцерогенді (қатерлі ісіктердің пайда болуын қоздыратын) заттар бар. Пропиленгликоль тұрмыстық химия өнімдерін өндіруде қолданылады, ол ағзаға енгеннен кейін бүйрек пен миға әсер етеді, олардың жұмысын бұзады.
Вейптерді тұтыну (булау) кезінде өкпеге түсетін 2 мыңнан астам заттан тұратын аэрозоль түзіледі. Никотиннің көп мөлшері орталық жүйке жүйесіне уытты әсер ету нәтижесінде тәуелділіктің тез дамуына ықпал етеді. Майлы сұйықтық түріндегі аэрозоль өкпенің альвеолаларына түсіп, жиналып, газ алмасуға кедергі келтіреді. Ұзақ мерзімді тұтыну өкпе ауруы – ЭВАЛИ-ді (EVALI) тудырады, онда мұны тек трансплатация арқылы емдеуге болады!
Қазіргі уақытта көптеген жасөспірімдер вейптердің денсаулыққа қаншалықты зиянды екенін түсіне бермегендіктен, оларға әуес болып жүр. Сондықтан ата-аналар мен басқа да жауапты ведомстволар жасөспірімдерді денсаулықтарына зиян келтірмеуге үндеуі керек.
«Халық денсаулығы туралы» Кодекске сәйкес, вейптерді ашық көрсетуге жол берілмейді. Олар перденің артында жасырылуы тиіс. Сонымен қатар, Қазақстанда темекі өнімдері тек 21 жастан асқан адамдарға сатылады.