Электронды темекінің жасөспірімдер ағзасына зияны

Электронды темекінің жасөспірімдер ағзасына зияны

Электронды темекінің жасөспірімдер ағзасына зияны

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің шылым шегу бойынша жүргізген мониторингтік есебіне сүйенсек, соңғы төрт жылда жалпы бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас ара­лығындағы жеткіншектер саны үш есеге артқан. Бұл - әр мектептегі ер балалардың 15%-ы, қыз балалардың 6%-ы темекі түтінін будақтатып көрді деген сөз.

Балаларға темекі сатуға қатаң тыйым салынған. Алайда олар үшін синтетикалық никотин толтырылатын элек­тронды темекілер, вейптер, сондай-ақ IQOS («айкостар») әбден қолжетімді: интернет және әлеуметтік желі арқылы оқушылар арасында кеңінен жар­намаланады.

Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қызған кезде бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Олар:

♦ Глицерин;

♦ Пропиленгликоль (Е1520);

♦ Хош иісті қоспалар;

♦ Никотин (кей кезде қосылмайды).

Қауіптісі сол, біріншіден, элек­тронды темекілер мен айкостар шылымға қарағанда зияны аз деп насихатталады. Шынында олай емес екенін зерттеулер дәлелдеді. Екіншіден, әсем безендірілген кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде ұсынылады. Мәселен, вейптерда батарея заряды, картридждегі өнімнің қан­ша қалғанын көрсететін ин­ди­катор-лампа қарастырылған. Нәтижесінде, жастар оны де­вайс, гаджет деп таниды. Үшін­шіден, бозбала түгілі, бойжеткендер де туған күнге бір-біріне вейп сыйлайтын жаман дәстүр қалыптасуда. Демек, бұрын қы­зықпаған қыз бала сыйлық ре­тінде алған соң әрі достарының көңілін қалдырмау үшін оны та­тып көруі, сөйтіп тұрақты тұ­тынуға көшуі ғажап емес.

Бүгінде ағзаға зиянсыз деп айтылған электронды темекі, керісінше, денсаулыққа өте қауіпті өнім болып табылады және адам ағзасында түрлі ауыр ауруларды тудырады. Яғни, электронды темекі шегу процесінде никотин, хош иісті, тәтті дәмі бар басқа да химиялық заттар ағзаға зиянды әсер етеді.

Сонымен қатар, электронды темекі шегу (вейп), әдеттегі темекі сияқты, өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларын, иммунитетті әлсіретеді. Атап айтқанда, бұл өнім орталық жүйке жүйесіне теріс әсер етіп, темекі шегушілердің тәуелділігін тудырады. Жасөспірім шақ - ми дамуының маңызды кезеңі, ал электронды темекі шегетін балалар мен жасөспірімдерде мидың дамуында бұзылулар, есте сақтау мен танымдық қабілеттің төмендеуі, қауіпті невроздар болады.

Вейп темекі шегушілерге ғана емес, айналасындағылардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Яғни, қайталама түтіннің құрамындағы никотин - темекі шегетіндерге қарағанда, айналасындағылардың денсаулығына зиянды.

Электронды темекінің "зиянсыздығы", олардың темекі шегуге баламалылығы туралы мәлімдеме маркетингтік қадамнан басқа ештеңе емес, сондықтан «сәнге» айналған зиянды әдеттен балаларымыздың болашағын, денсаулығын қорғау өз қолымызда екенін ұмытпайық!