Вирустық гепатиттер – әртүрлі вирустардан туындайтын жұқпалы аурулардың үлкен тобы. Гепатиттердің ішінде А вирустық гепатиті жиі кездеседі. Инфекция көзі ауру адам болып табылады. Бұрын ауырмаған және А вирустық гепатитіне қарсы егілмеген кез келген адам бұл аурумен ауырып қалуы мүмкін.
А гепатитінің кез келген түрімен ауыратын науқас айналадағыларға ауру жұқтыруы мүмкіндігін есте сақтау қажет. Бұл ретте, сырқат адам аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін бірнеше күн бұрын айналасындағыларға қауіпті болады. Айналасындағыларға гепатиттің сарғаю белгісі жоқ (симптомсыз) түрімен ауыратын науқастар қауіпті, өйткені олар клиникалық белгілері көзге көрінбей ауруға шалдығады, бірақ вирус бөледі. Вирус бөлшектері лас қолмен, тамақ өнімдері және су арқылы адамның асқазан-ішек жолдарына енген кезде ауру жұғады.
А гепатитінің инкубациялық кезеңі шамамен 30-50 күнді құрайды. Симптомдары – дене қызуының көтерілуі, әлсіздену, тәбеттің жоғалуы, диарея, жүрек айну, іштің айналасында қолайсыздықты сезіну, зәр түсінің қоңырқайлануы және дененің сарғаюы (терінің және көз ағының сарғаюы).
А гепатитінің алдын алудың тиімді тәсілі – профилактикалық екпе күнтізбесіне енгізілген арнайы екпе. Бұл 2 жастан бастап жүргізіледі, иммундау курсы 6 ай аралықпен 2 екпеден тұрады.
Сонымен қатар келесі қарапайым гигиена ережелерін сақтау қажет: дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолды жуу, су ішу үшін бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу.