Өтініштердің түрлері және азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы №350-VI Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен өтініштердің мынадай нысандары айқындалған:
Арыз – әкімшілік рәсімге қатысушының өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін немесе басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға жәрдемдесу туралы өтінішхаты қамтылған жолданым нысандарының бірі.
Сұрау салу – әкімшілік рәсімге қатысушының жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызығушылық туғызатын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы өтініші.
Шағым – әкімшілік рәсімге қатысушының өзінің және басқа да тұлғалардың әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) бұзған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы талабы қамтылатын жолданым нысандарының бірі.
Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті келіп түскен өтініштерді қарау кезінде қолданыстағы заңнама нормаларын басшылыққа алады. Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айында мемлекеттік органға 386 өтініш келіп түсті, оның ішінде 312 өтініш мерзімінде қаралды, 3-еуінің мерзімі бұзылып, ұзартылды, 44 өтініш құзыреті шегінде басқа органға қайта жіберілді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес, тіркелген өтініш әкімшілік рәсімді бастау үшін негіз болып табылады. Әкімшілік істі қарау тәртібі жоғарыда көрсетілген Кодекстің нормаларымен регламенттелген.
Егер ҚР заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнін құрайды. Нақты жағдайларды анықтау қажеттілігіне байланысты қарау мерзімі ақылға қонымды мерзімге, бірақ 2 айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушыға (өтініш берушіге) хабарланады.
Әкімшілік істі қарағаннан кейін әкімшілік орган, лауазымды адам мынадай шешімдердің бірін шығарады: әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік рәсімді тоқтату. Мәселен, өткен кезеңде ҚР ӘРПК 70, 89 баптары негізінде 27 өтініш тоқтатылды. 127 қолайлы акті, 44 ауыртпалық салатын әкімшілік акті қабылданды.
Ұсынылған әкімшілік акті қанағаттандырмаған жағдайда, әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) әкімшілік тәртіппен (сотқа дейін) шағымдануға құқылы. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіпте шағымданғаннан кейін жол беріледі.