Ұйымдасқан топтарда тамақтан уланудың алдын алу

Ұйымдасқан топтарда тамақтан уланудың алдын алу
Біріншіден, ұйымдасқан ұжым дегеніміз не екенін анықтап алайық. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес, ұйымдасқан ұжымдар – ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысанына қарамастан, тәуліктік немесе төрт сағаттан астам күндізгі болумен қамтылған, тұрмыс, тамақтану, оқыту, тәрбиелеу, медициналық қызмет көрсету және еңбек ету жағдайлары ортақ ұйымдардағы (объектілердегі) контингент.
Тамақтану саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер санитариялық заңнама талаптарын басшылыққа алып, сапалы өнім ұсынуы тиіс.
Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарымен байланысты кез келген тағамнан уланудың себептері – ас үйде санитариялық нормалардың сақталмауы немесе микроорганизмдердің белгілі бір түрлерімен ластанған, не ағзаға улы микробтық немесе микробтық емес заттары бар өнімдерді тұтыну.
Айналымда тек нормативтік құжаттардың, оның ішінде Кеден одағының техникалық регламенттерінің (ТР ТС) талаптарына сәйкес келетін тағам өнімдері ғана болуы тиіс.
Қоғамдық тамақтану кәсіпорнында тағам өнімдері мен дайын тағамдарды өндіру, сақтау және өткізу барысында олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі қажет.
Төмендегі тағам өнімдері, материалдар мен бұйымдар айналымда болмауы тиіс:
* нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтін;
* сапасыз екенінің айқын белгілері бар;
* ұсынылған ақпаратқа сәйкес келмейтін және жалған деген негізді күдік туғызатын;
* жарамдылық мерзімі көрсетілмеген немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен;
* заңда немесе нормативтік құжаттарда көзделген мәліметтері бар таңбалауы жоқ өнімдер.
Тағамнан улану себептері:
* тағам өнімдерін өңдеу қағидаларын бұзу;
* тағам дайындау технологиясының сақталмауы;
* тағам өнімдерін сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімдерінің сақталмауы;
* қоғамдық тамақтану кәсіпорындары қызметкерлерінің жеке гигиена қағидаларын сақтамауы, инфекциялық аурулары;
* су құбырындағы апаттар, су құбырларын ауыстыру жұмыстары.
Тамақтану кәсіпорындарында инфекциялық аурулар мен тағамнан уланудың алдын алу бойынша негізгі іс-шаралар:
* Азық-түлік шикізаты мен тағам өнімдерін нормативтік және техникалық құжаттама талаптарына, сондай-ақ олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарға сәйкес қабылдау. Өнімдерді жарамды, таза ыдыста сақтау, сақтау шарттарын, жарамдылық мерзімдерін және тауарлық көршілік талаптарын сақтау.
* Кәсіпорында дайындалатын тағам түрлерінің өндірістік бөлмелердің, технологиялық және тоңазытқыш жабдықтардың мүмкіндіктеріне сәйкес болуы. Тағамдар мен аспаздық, кондитерлік өнімдерді технологиялық процестердің ағымдылығын қатаң сақтай отырып дайындау.
* Кәсіпорынды жеткілікті мөлшерде технологиялық және тоңазытқыш жабдықтармен, мүкәммалмен, ыдыс-аяқпен және ыдыстармен қамтамасыз ету. Бөлшектеу құралдарын әр цехқа бекітіп, таңбалау жүргізу.
* Жұмысқа тек жеке медициналық кітапшасы және гигиеналық даярлығы бар адамдарды қабылдау. Қызметкерлердің жеке гигиена қағидаларын сақтауын бақылау. Ішек инфекцияларының белгілері бар, сондай-ақ қолында іріңді жаралар, кесілген немесе күйген жерлері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеу.
* Қоғамдық тамақтану ұйымдарының барлық үй-жайларында ағымдағы тазалау жұмыстарын тұрақты әрі уақтылы жүргізу, айына кемінде бір рет – жалпы тазалау мен дезинфекция жасау. Өндірістік цехтарда күн сайын жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдаланып ылғалды тазалау жүргізу. Дезинсекция мен дератизацияны тұрақты өткізу.
* Меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда өндірістік бақылауды ұйымдастыру, келіп түсетін шикізаттың, сақтау жағдайларының, дайындалатын және өткізілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, зертханалық зерттеулер жүргізу үшін тағам өнімдерінен сынамалар алу.
Қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың туындауы мен таралуының алдын алу үшін жүргізілуі тиіс профилактикалық іс-шаралардың толық кешені келесі нормативтік құжаттармен регламенттелген:
1. «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары, ҚР ДСМ-нің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығы.
2. ТР ТС 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенті.
3. ТР ТС 022/2011 «Таңбалау бөлігіндегі тағам өнімдері» Кеден одағының техникалық регламенті.
4. «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары, ҚР ДСМ-нің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығы.